Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Кеншілердің қауіпсіздігі күшейтіледі: «Қазақмыс» өндірісті басқарудың бірыңғай орталығын ашты

15:41, 21 қазан 2026

Жезқазған қаласында өндірістік үдерістерді нақты уақыт режимінде қадағалап, басқаруға арналған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің Орталық диспетчерлік орталығы салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды Alash.kz.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі мен Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен арнайы қатысты. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында жүзеге асырылған бұл бастама компанияның цифрлық трансформация жөніндегі кешенді бағдарламасының негізгі бөлігі саналады.

Бірыңғай цифрлық кеңістік тау-кен жұмыстарын, кен байытуды, теміржол логистикасын және өнеркәсіптік қауіпсіздік сияқты негізгі бағыттарды басын біріктіріп отыр. Мұнда өндірістік көрсеткіштер, жұмыскерлер мен техниканың орналасқан жері, бейнебақылау деректері және жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау нәтижелері жинақталады.

Салалық инновацияның маңыздылығына тоқталған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі цифрландырудың негізгі мақсатын түсіндіріп өтті:

«Біз үшін цифрландыру – ең алдымен, өндірістің тиімділігі мен жұмыскерлердің қауіпсіздігін арттыру құралы. Ең бастысы – деректерді жинаумен ғана шектелмей, ауытқуларды дер кезінде байқап, олардың себебін түсініп, тиісті шара қабылдау. Диспетчерлік орталық туындаған мәселелерге жедел әрекет етуге және өндірістік тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Руслан Өскенәлі.

Сондай-ақ, заманауи технологиялық шешімдер жоспарлы және нақты көрсеткіштерді салыстыруға, ауытқуларды дер кезінде анықтауға, тоқтап қалу себебін талдауға және ықтимал қауіпті жағдайларға шұғыл әрекет етуге жағдай жасайды. Бұл ретте Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өнеркәсіпке енгізілген технологияның жұмысшылар әл-ауқатына тигізер пайдасын ерекше атап өтті:

«Мемлекет басшысы алдымызға экономиканың барлық саласы мен еліміздің барлық өңірінде цифрландыруды дамыту міндетін қойып отыр. Бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының осы бағытта үлкен қадам жасағанын көріп отырмыз. Компанияның одан әрі дамуына, өндіріс тиімділігінің артуына және табысының өсуіне тілектеспін. Ең бастысы, бұл нәтиже әрбір кенші мен металлургтің тұрмыс сапасын арттырып, отбасыларының әл-ауқатына оң әсер етуі керек», – деді Есет Байкен.

Еңбек қауіпсіздігін арттыру аясында компания жерасты кеніштерінде де автоматтандыру жүйелерін қарқынды дамытып келеді. Маңызды қадамдардың бірі ретiнде Жомарт кенішінде атмосфераны үздіксіз бақылайтын 40 бекеттен тұратын стационарлық газ-ауа ортасын бақылау жүйесін іске қосу жоспарланған. Ал өздігінен жүретін тау-кен техникасына қауіпті газдарды анықтап, жұмыскерлерге шұғыл ескерту жасау үшін 62 газталдағыш орнатылды.

Бұдан бөлек, «Қазақмыс» өндірістік алаңдардағы сымсыз желіні кеңейтіп, үш өңірдегі 59 нысанға бірыңғай қолжетімділікті бақылау жүйесін енгізді. Қазіргі уақытта компьютерлік жабдықтарды жаңарту процесі қатар жүріп жатыр.

Жаңа диспетчерлік орталықтың іске қосылуы өндірісті деректерге, жылдам шешімдерге және еңбек қауіпсіздігіне негіздеп басқарудың жаңа өндірістік мәдениетін қалыптастырады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар