Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мейрамбек Бесбаев биыл 50 жасқа толады. Осыған орай өнер иесі еліміздің алты қаласында жеке концертін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Әнші гастрольдік турын туған жері – Жамбыл облысынан бастады.
Таразда өткен шығармашылық кешке облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Қазақ ән өнерінің көрнекті өкілі, халықтың сүйікті әншісі Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеші туған жері – Әулиеатадан басталды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, өнер жолындағы жетістіктеріне тоқталып, ақжарма тілегін жеткізді.
Қоңыр дауысымен талай жүректі тербеген Мейрамбек Беспаев «Бозторғай» әнімен бала кезінен елге танылып, бүгінде қазақ өнерінің төрінен орын алған дара тұлғаға айналды.
«МузАРТ» тобымен бірге ұлттық эстраданың дамуына үлес қосып, кейінгі буын өнерпаздарға да жол ашып келеді.
Туған жердің төрінде өткен кеште жерлестерінің ықыласы ерекше болды. Әр әні ыстық естелікке ұласып, көрерменнің қошеметі әншіге деген шынайы құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Туған жердің қошеметі мен елдің ықыласы – өнер иесі үшін ең қымбат марапат. Бұл туралы әншінің өзі ерекше атап өтті.
Әулиеатадан басталған мерейтойлық кеш ән мен сағыныш тоғысқан, жүректерге жылу сыйлаған ерекше сәттермен есте қалды», – делінген өңір әкімдігінің құттықтауында.