Қазақстанның Халық әртісі, әнші Димаш Құдайберген бүгін TikTok желісінде тікелей эфирге шығып, жанкүйерлеріне көптен күткен жаңалығын жарияламақ, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Димаш Құдайберген әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Өнер иесі бұған дейін TikTok-та алғаш рет алдын ала ескертусіз тікелей эфирге шыққанын атап өтті. Алайда көпшілік эфирге қосылып үлгермегендіктен, жаңалығын бүгін бөлісуді ұйғарған.
Әншінің хабарлауынша, тікелей эфир бүгін Астана уақытымен сағат 22:00-де, ал Польша уақытымен 19:00-де басталады. Димаш жанкүйерлерін эфирге қосылуға шақырды.
«Кеше алдын ала ескертпестен TikTok-та алғаш рет тікелей эфирге шықтық. Көпшілігіңіз эфирге қосылып үлгермегендіктен, жаңалықтарымды бүгін айтуды ұйғардым.
Сіздер күтпеген үлкен жаңалығым бар! Не туралы екенін тіпті елестете де алмайсыздар! Бұл сіздер үшін нағыз тосынсый болмақ!
Қалып қалмаңыздар! Ең қызығы әлі алда!
Бұл жаңалықты сіздерге айтатын сәтті көптен бері күтіп жүрмін. Енді құпияны ашатын уақыт келген сияқты!”,– деп жазды Димаш Құдайберген.