Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Тістерімді сындырып, шашымды қиып тастады»: Ақтаудағы соққыға жығылған шетелдік әйелге қатысты ақпарат шықты (ВИДЕО)

09:55, 22 қазан 2026

Ақтау қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдің арызы бойынша полиция қылмыстық істі тергеуді бастады. Оқиғаның егжей-тегжейін құқық қорғаушы Ләззат Рақышева бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Құқық қорғаушының айтуынша, ауыр соққыға жығылған әйел одан көмек сұраған. Өйткені бұл оқиға күтпеген бетбұрыс алған: полицияның назарына соққыға жықты деп күдіктелген күйеуі емес, бірінші кезекте жәбірленушінің өзі ілінген.

Зардап шеккен Айгүл (есімі өзгертілген) басынан өткен қайғылы түнді төл сөзімен былай деп баяндады:

«Мен үйде екі баламмен отырған едім, күйеуім түнгі сағат 11 шамасында келді. Ол мас болатын. Мен одан: «Пәтердің ақысын неге төлемедің?» – деп сұрадым. Содан кейін жанжал басталды. Ол ашуланып, мені ұрып-соқты, тістерімді сындырып, шашымды қиып тастады», – деді жәбірленуші.

Соққы салдарынан денсаулығынан айырылған әйел қазіргі ауыр жағдайын да жасырмады:

«Қазіргі жағдайымды сөзбен жеткізе де алмаймын, ұйықтай алмай жүрмін. Тістерім болмағандықтан, дұрыс сөйлей де, тамақ іше де алмаймын», – деп ағынан жарылды ол.

Арна тілшісі Заүреш Мұраттың хабарлауынша, жәбірленушінің заңгері бастапқыда құжаттарының жоқтығынан әйелдің өзі ұсталғанын жеткізген. Кейін белгілі болғандай, оқиғаға қатысушы екі азамат та Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты және олардың жеке басын әрі Қазақстан аумағында заңды түрде жүргенін растайтын құжаттары болмаған.

Бұл жағдайға қатысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын ресми хабарлады:

«Ер адамға қатысты Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта оның жеке басын анықтау және ел аумағында одан әрі болу мәселесін шешу үшін қабылдап-тарату орнына орналастырылды. Әйел тұрғылықты жерінде. Оған қатысты да көші-қон заңнамасы аясында тиісті тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген полицияның ресми хабарламасында.

Қазіргі уақытта тараптар сот-медициналық сараптамаға қажетті құжаттарды жинау үшін тиісті мамандардың тексеруінен өтуде. Заңгер Зина Анламасованың сөзінше, ел заңнамасын бұзғаны үшін әйел де жауапкершіліктен тыс қалмайды:

«Қазақстан аумағында тұратындықтан, ол азаматтығына қарамастан, кез келген адам сияқты Қазақстан Республикасының заңдары мен Конституциясын сақтауға міндетті. Бұл жағдайда бойжеткен елде заңсыз жүрген. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, енді ол өз еліне қайтып, Қазақстанға қайта кіру және осында болу үшін қажетті құжаттарды қайта рәсімдеуі тиіс», – деді заңгер Зина Анламасова.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар