Жапонияда өтіп жатқан V Пара Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы бұрын-соңды болмаған тарихи нәтиже көрсетіп, алтын медальдар саны бойынша өзінің жеке рекордын жаңартты, деп хабарлайды Alash.kz.
Дүбірлі доданың алғашқы үш күнінің қорытындысы бойынша отандастарымыз ел қоржынына 10 алтын алқа салды. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының еншісінде жалпы саны 32 медаль бар: оның 10-ы алтын, 10-ы күміс және 12-сі қола жүлде.
Айта кету керек, бұған дейінгі рекордық көрсеткіш 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында тіркелген болатын. Ол кезде отандық параспортшылар жарыс жолын 8 алтын медальмен аяқтаған еді.
Бұл жолғы халықаралық бәсекеде ел намысын 150 спортшы қорғап жатыр. Пара Азия ойындары 24 қазанға дейін жалғасады.