Бүкіл елді дүр сілкіндірген Атырау облысындағы Жангелдин трагедиясының құрбаны болған отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева сұхбат берді, деп хабарлайды Alash.kz КТК бейнематериалына сүйеніп.
Қанды оқиғадан бері ешқандай журналистпен тілдеспеген ананың бұл алғашқы мәлімдемесі. Ұзақ уақыт шипа іздеген ол, қазір өмірге қайта бейімделіп келеді. Бес бүлдіршіні балалар үйінде, ал өзі туыстарының қамқорлығында. Бар арманы балаларын бауырына басу. Бірақ оған әзірге білікті дәрігерлердің емі мен халықтың қолдауы қажет.
Ақбаянның қазіргі күйі туыстарының үмітін оятқан. Бұрын көп уақытын ұйқымен өткізсе, қазір айналасына назар аударып, адамдармен сөйлесе бастаған. Тіпті соңғы кездері туған ауылын, ата-анасы мен бауырларын жиі сұрайтын болыпты. Әкесімен бір туған әпкесі оны қоғамға бейімдеу үшін барын салып жүр. Бірақ Ақбаянның ата-анасы мен бауырларын іздеген әрбір сұрағы жанымызға батады, дейді.
Әсила Мұқанғалиева, Ақбаянның әпкесі:
— «Қайда, ауылда ма?» деп сұрайды. Ауылға біржола барғысы келеді. Бауырларын сұрағанда, Түркияда деген ғой. «Қой, Шалқар деген айтты ғой, ауылда деп айтты ғой, апарам деп айтты ғой» дейді. Әлі дайын емес деген, сондықтан айтпай жүрміз. Айтқан жағдайдың өзінде қандай күйде болады, қайтып ауыртып аламыз ба деген сияқты ғой енді. Күтейік енді, аяғына тұрып алсын дегенге келтіріп тұрмыз енді.
Дәрігерлер Ақбаянның нақты диагнозын айтпаған. Өзінің сөзінше, бесінші баласына босанғаннан кейін сыртқаттанып, ота жасатып, содан тұрғанда «көп жайтты ұмыттым» дейді. Дегенмен әр баласының аты мен туған жылын жатқа біледі. Балаларына апта сайын барып тұратынын, оларды өз бауырына алғысы келетініні айтып отыр.
Ақбаян Мұқанғалиева:
— Кішкентайы жылайды, «алып кетші» деп. Үлкендері енді түсінеді.
— Қазір өзің жақсысың ғой?
— Иә, психологқа барып жүрмін.Таңертең, аптасына екі рет. Басқа ешқайда қаралып жатқан жоқпын. Басым мазаласа, кетеді ғой. Бірақ қатты ауырып жүргем жоқ.
Туыстарының айтуынша, ол бұрынғы өмірін біледі, ағайындарын таниды. Алайда бесінші баласын дүниеге әкелгеннен кейінгі кезең жадынан өшкен. Әлі де ұмытшақтық бар. Соған қарамастан, соңғы уақытта оң өзгеріс байқалған. Ендігі мақсат — оңалуды тоқтатпай, Ақбаянды білікті мамандарға қарату.
Шалқар Мұқанғалиев, Ақбаянның ағасы:
— Ақбаянның өмірге деген құлшынысы жоғалған. Сол құлшынысты басынан қайта ояту керек. Біздің алдағы үмітіміз — бес баласын алып, өзі бақытты өмір сүрсе деген ниет. Нәтижесін көріп, аяқтан тұрып келе жатқанын көргеннен кейін, осы тоқтап қалмасын, әрі қарай дами берсін дейміз. Бәлкім Атырауда кейбір қаралмаған нәрсені, бәлкім Алматы, Астанаға шығып, сол жақтағы мықты дәрігерлерге қаратамыз ба деген ойымыз бар. Ол жаққа апару үшін бізге қалай болғанда да қаражат керек. Ол қаражат өзімізден мүмкін емес болды.
Ағайындар амалсыз халықтан қаржы жинап жатқанын айтты. Ата-анасы, бауырларынан айырылғаны аздай, ауру болып отырғаны қиын. Соңғы уақытта беті бері қарағаны үміт ұялатты дейді.
Қанды қылмыстан аман шыққан Ақбаянның тағдыры бүкіл қазақ елін алаңдатты. Бес баланың анасының ендігі арманы — балаларымен қауышу. Денсаулығы түзелмейінше, оларды бермейтінін өзі де түсініп отыр. «Емделемін, жаныма аламын» дейді. Алайда балаларды алғанда баратын панасы да жоқ. Тағдыр тауқыметіне түскен келіншекке көмек қолын созатын жанашыр жандар табылар деп үміттенеміз.
Ақбаян Мұқанғалиева — Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік қылмыстың құрбаны болған отбасының кенже қызы. Бір әулеттің төрт адамын аяусыз қырып салған Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы әйелі. Олардың бес баласы бар. Қазір барлығы балалар үйінде. Ал Ақбаянды Индонезиядан елге жеткізілгеннен кейін жүйке аурулар ауруханасына жатқызған еді. Денсаулығына байланысты сот процесіне де қатыса алмады.
Ақбаян Мұқанғалиеваның есепшоттары:
Kaspi банк: 4400430002366935
Halyk банк: 4146213093321954
AKBAYAN MUKANGALIYEVA