«Жігіттер» тобының танымал солисі Ердос Қанаев өз есігінің алдында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында эмоционалды жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Белгісіз жүргізушінің итті көлікпен қағып өлтіріп, оқиға орнынан кетіп қалуы өнер иесінің қабырғасын қайыстырған. Көз алдында жантәсілім еткен жануардың күйі әншіге өте ауыр тигенін жасырмады.
Қоғам мен желі қолданушыларының мүмкін болатын реакциясын алдын ала сезген Ердос Қанаев бұл жағдайға қатысты өз ішкі толғанысын төл сөзімен былайша жеткізді:
«Иә, мен сондаймын енді. Жанашырлық болар, мейірімділік болар. Біреуге күлкілі болар. Паблик парақшалар да жерден жеті қоян тапқандай жарысып жазар. "Мынаған не болды итті жоқтап" дейтіндер де табылар қазір. Бірақ көз алдыңда қаңсылатып, өлтіріп кеткені ауыр тиді», – деп жазды әнші.
Оқиғадан кейін терең ойға батқан эстрада жұлдызы жануарлардың бойындағы адалдық қасиетін ерекше атап өткісі келді. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда адамдар жоғалтып алған асыл қасиеттер кейде осы төрт аяқты жануарлардан табылып жатады:
«Жеті қазынаның бірі деп те бекер айтпаған. Ит байғұсқа берілген үлкен бір нығметі иесіне адал болуы екен. Кейде адамнан осы қасиет кеткенде, осы бір хайуанның адалдығын көріп, ішімнен таңдай қағатынмын. Неткен адалдық?», – деді өнер иесі.
Әншінің сөзінше, көңілі түсіп, ауыр ойға батқан сәттерде бұл жануар жанына келіп, үнсіз түрде жұбаныш сыйлайтын болған.
Жануарға қатыгездік танытып, жауапсыз кетіп қалған автокөлік жүргізушісінің әрекетіне ызаланған Ердос Қанаев жазбасын сол адамға арналған өкпе-ренішімен түйіндеді:
«Мейірімсіз жан! Есік алдымнан әлі талай өтерсің. Сол кезде қандай сезімде болар екенсің?», – деді Ердос Қанаев.