Кәсіпкер наубайханасының өндіретін өнімін ұлғайту үшін құрал-жабдықтарын жаңалап сатып алуға бел буып, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында төменгі пайызбен берілетін жеңілдетілген несиені зерттеп көреді. Ақырында кеңес алу мақсатында «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығының кеңесіне жүгінеді. Орталық мамандары он жеті жылдан бері нан өнімдерін өндіріп, кәсібін жолға қойған Расул Тельманұлының бағыт-бағдарын, жоба-жоспарын көрген соң «Ааму аймақтар ІІІ» бағдарламасының негізінде 13,5 пайызбен несие алуға ұсыныс айтады. Айтпақшы, бұл несиенің 7,5 пайызын «Даму» қоры субсидиялап береді. Яғни кәсіпкер белгілі бір мөлшерде, межелі мерззімге рәсімдеген несиенің пайызы 13,5 болғанымен, оның тек 6 пайыз үстеме ақымен ғана төлейды, қалған 7,5 пайызды мемлекет кәсіпкерлерге қолдау болсын деген мақсатта «Даму» қоры арқылы субсидиялап, үлкен демеу көрсетіп отыр.
«Мемлекетіміздің кәсіпкерлердің қанатын кеңге сермеп, кәсібін дөңгелетіп, табысын ұлғайтуына орасан мүмкіндік жасағанына разымыз. Ұсынған жобамыздың іске асып, аяқсыз қалмауына серпін беріп қолдау көрсетуі отанымыздың тауар өндірісі мен қызмет көрсету сапасын дамытып қана қоймайды, қазақстандықтарға өте сапалы әрі қолжетімді бағадағы отандық өнімдерді ұсынуға өріс ашады. Мейлі ол азық-түлік болсын, киім-кешек секілді жеңіл өнеркәсіп дейсіз бе, қай сала болмасын кәсіпкерлерге мұндай мүмкіндікті жиі ұсынып келе жатқан мемлекетімізге ризамыз. Басқаларды айтпағанда өзімнің кәсібіме қандай шарапаты тигенін айтайын. Мен кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандарының кеңесін ала отырып, тиімді жолмен ұсынылған несиені рәсімдеп құрал жабдықтарды заманауи үлгідегі техникамен жарақтап, жаңартып алдым. Мемлекет әрбір кәсіпкерге қолдау көрсетіп, демеугі даяр. Сол арқылы кәсіпкерлер жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізеді, салық төлеп мемлекеттің бюджетіне де елеулі кіріс кіргізеді» дейді кәсіпкер Расул Сулейманов.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жуырда қаладағы бизнес-қауымдастық өлдерін жинап алқалы кеңес өткізді. Кәсіпкерлік салада еңбек етіп келе жатқан екі жүзге тарта кәсіпкер қала басшысына өздерінің толғандырып жүрген сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов, салалық қауымдастықтардың өкілдері, құқық қорғаушылар, қадағалау органдарының жетекші мамандары қатысқан осынау жиында қаладағы іскерлік ахуалдың тамырына қан жүгіртіп, жұмысын жақсарту жолында атқарылып жатқан шаруаларға да айырықша тоқталды. Қала басшысы Алматының экономикалық қуатын арттырып, табысын еселеуге шағын және орта бизнес өкілдерінің де орасан үлес қосып жүргеніне ерекше назар аударып, ықыласпен атап өтті. «Алматының даму бағдарламасының негізгі өрісінің бірі – шағын және орта бизнес саласы. Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамытудың және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасында жеті негізгі бағыт болса, соның сүбелісі осы кәсіпкерлік сала. Сондықтан да біз кәсіпкерлерге деген мемлекеттің көрсетіп жатқан қамқорлығын барынша сездіруге, шарапатын көрсетуге күш саламыз. Тұрақты экономикалық өсу деген ұғым-түсінікті қалыптастырып өрістететін де дәл осы шағын және орта бизнес өкілдері. Олар қаланың жетістігі мен жоспарларының жүзеге асуына серпін беріп, тұрақты экономикалық өсімнің өркендеуіне үлесін қосады. Сондықтан да кәсіпкерлердің бизнесін жайлы жүргізуіне, артық-ауыс тексерулердің тиылуына күш салу қажет» деді Ерболат Досаев.
Шағын және орта бизнесті дамытуға осы жылы 47,6 миллиард теңге қарастырылып, қазынадан бөлінді. Осы қаржының есебінен қалада 1,3 мыңнан астам жоба мақұлдаудан өтіп, іске асырылып жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа жолдауында «жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни, мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тартып», кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау қажеттігін, еліміздегі кезек күттірмей шешетін мәселенің бірі деп шағын және орта бизнес өкілдерінің басындағы жағдайды айтқан болатын. Мемлкет басшысы өзінің Жолдауында
«Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет.
Келесі мәселе. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап.
Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет.
Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс» дегенді тегін айтқан жоқ. Еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдері әрдайым мемлекеттің мықты тіреуі болып, экономикалық әлеуетіміздің артуына серпін беріп келе жатыр. Солардың бірі – алматылықтарды тәтті наны, ас атасымен қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосып жүрген біз сөз еткен кәсіпкер Расул Сулейманов.
Нұр Таңқы