Әлемде 65 жастан асқан адамдардың үлесі алғаш рет 5 жасқа дейінгі балалардың үлесінен асып түсті. Бұл өзгеріс 2020–2025 жылдар аралығында тіркелген. Мұндай деректі АҚШ-тың Санақ бюросы «An Aging World: 2025» есебінде келтірді, деп жазды Alash.kz.
Демографиялық өзгеріске дүниежүзіндегі бала туу көрсеткішінің төмендеуі мен өмір сүру ұзақтығының артуы әсер етіп отыр. Санақ бюросының мәліметінше, 2025 жылы әлем халқының 10,5%-ын 65 жастан асқан адамдар құраған. 2060 жылға қарай бұл көрсеткіш 19,6%-ға дейін өсуі мүмкін.
Қарт адамдар саны да айтарлықтай өседі. 2025 жылы әлемде 65 жастан асқан шамамен 852 миллион адам болған. 2060 жылға қарай олардың саны 2 миллиардқа жуықтауы мүмкін.
Сонымен қатар туу деңгейі көптеген елде халықтың табиғи өсімін қамтамасыз ететін межеден төмен түскен. АҚШ Санақ бюросы тұрақты түрде төмен туу көрсеткіші халықтың қартаю процесін жылдамдататынын атап өтті.
Болжам бойынша, 2060 жылға қарай әлем халқының жалпы саны 10 миллиардқа жуықтайды. Оның өсімінің жартысынан астамы 65 жастан асқан тұрғындар санының артуына байланысты болады.