Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлекең ұлттың көсемi екендiгiн досына да, дұшпанына да таныта да, мойындата бiлдi - Тұрсын Жұртбай

00:09, 21 маусым 2024 364

1925-1926 жылдардың арасындағы Әлихан Бөкейхановтың бүкiл тiршiлiгi осы жер бөлiсiмен оның кесiмiн анықтайтын ғылыми-зерттеу жұмысына арналды. Ленинград пен Мәскеудiң беделдi ғылыми мекемелерiнiң кепiлдiгiмен Адай уезiне аттанған экспедицияның құрамына кiрдi. Бөкейхановтың Қазақстанға келуi Голощекиннiң төбе шашын тiк тұрғызды. Әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариатының қызметкерлерiне ерекше күдiкпен қарап, олардың құрамын жиi ауыстырумен болды. Алайда қанша өршеленгенiмен де әлем таныған Ресей Ғылым академиясының ғұламаларының беделiне тосқауыл қоюға Қужақтың қауқары жетпедi. Бұған 1926 жылғы 2 маусым күнгi РСФСР Ғылым академиясының Төрағасы (Президентi) академик А.Е. Ферсманның төмендегi хаты айғақ. Онда былай делiнген:

«Аса құрметтi Әлихан Нурмухамедұлы!

СССР Ғылым академиясының Президиумы, Одақтық және автономиялы республикаларды зерттеу жөнiндегi ерекше комитетiнiң Сiздi осы комитеттiң Қазақстан экспедициясы жөнiндегi тұрақты экспертi болуға шақырған өтiнiшiн қарады, осыған орай Сiздiң Қазақстанның дәстүрi мен өмiрiн етене бiлетiн тұлға екендiгiңiздi есте ұстай отырып, аталған мәселе жөнiнде ерекше көмек көрсеткен болар едiңiз деген ниетпен, Сiздi комитеттiң құрамына енгiзу туралы ұсынысты өте құптарлық iс деп тапты.

Баяндалған жайды Сiздiң назарыңызға жеткiзе отырып, Ерекше комитет жоғарыда көрсетiлген негiздерге сүйене отырып Сiзден комитет құрамына кiруден бас тартпауыңызды сұрайды, келiсiмiңiз арқылы Сiз Қазақ АСС Республикасын жан-жақты зерттеу iсiне игiлiктi ықпал етер едiңiз.

Қазақстан экспедициясының мәселесi туралы комитеттiң таяу арадағы мәжiлiсiнiң өтетiн күнi Сiзге қосымша хабарланатын болады.

Төраға, академик А. Е. Ферсман.

Ғылыми хатшы Б. Линдер».

Аты әлемге әйгiлi академиктiң осылай жоғары бағалай отырып, асқан кiшiпейiлдiк көрсетуi, Әлихан Бөкейхановтың Ресейдiң қоғамдық-саяси өмiрiнде ғана емес, ғылыми лауазымдылардың ортасында да беделiнiң зорлығын танытады. Иә, Әлекең ұлттың көсемi екендiгiн досына да дұшпанына да таныта да, мойындата бiлдi.

Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар