Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Әлиханның шырақшысы атанған белгілі әлихантанушы, бар ғұмырын Алаш мұрасын ұлықтауға арнаған өлкетанушы, дала академигі Тұңғышбай Мұқанға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Арқаның шежіреші ақсақалы, белгілі өлкетанушы, Мәдениет саласының үздігі, Білім беру саласының үздігі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Тұңғышбай Мұқан - Ақтоғай ауданындағы мәдениет пен өнер саласының дамуына зор үлес қосқан тұлға.
Еңбек өтілі - 54 жыл. Еңбек жолын 1963 жылы көмекші шопан болып бастап, 1965 жылы туған ауылында мұғалім болып бастап, кейінде аудандық Пионер үйінің директоры, комсомол комитетінде бөлім меңгеруші, мәдениет үйінде режиссер, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Ақтоғай селолық кеңесінің төрағасы, және аудан әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Педагогикалық еңбек өтілі - 27 жыл, оның 15 жылында аудандық КТУ директоры. Соңғы еңбек жолы 12 жыл аудандық музейде өткен.
Мәдениет үйіндегі режиссерлық кезінде өнерпаздар театрын құрып, оның халық театры атағын алуына, театрдың 2 дүркін республикалық байқаулардың лауреаты аталуына елеулі еңбек сіңірген. Аудандық «Тоқырауын толқындары» ансамбліне режиссерлық жасап, 1975 жылы халық ансамблі атағын жеңіп алуына шығармашылық үлесін қосқан.
1977-1984 жылдары аудандық мәдениет бөлімін басқару кезеңінде ауылдық клуб жанынан мәдени комплекс ұйымдастырудағы нәтижелі де тиімді тәжірибелері республика көлеміне таратылған. 1983 жылы «Тоқырауын толқындары» ансамблін жаңа фольклорлық – этнографиялық ансамбльге айналдырып, қазақ халқының тарихын таныту, өнерін асқақтатуға айрықша мән берген. Ансамбьлдің өркенді жетістіктері республикалық көлемде аталып, 1984 жылы Венгрия республикасында өткен КСРО мәдениеті мен өнерінің мерекесінде мазмұнды өнер көрсеткен. Сарыарқа мәдени комплексі жанынан құрылған ұлт аспаптар оркестріне «Халық оркестрі» атағының берілуіне режиссерлік үлесін қосқан. Ауданның мәдениеті мен өнерін, дамытуда тарихын зерделеп, зерттеуде іскерлік, ұйымдасырушылық қабылетімен танылып, еңбегін сіңірген.
1992-1994 жылдары аудан әкімінің орынбасары болып, Алаш қайраткерлерінің есімдерін жаңғыртуда, бабалар рухтарын ұлықтауда аудан тарихын зерттеп жинақтауда жаңа қадамдар жасап, рухани мәдени шаралардың ұйымдастырушы жетекшісі болған. 1998 жылы аудан бойынша «Жыл адамы» болып танылған.
1994-2008 жылдары аудандық Кәсіптік техникалық училищенің директоры болып өтпелі кезеңде училищенің базасын сақтап қалып,оның жанынан тері өңдеу цехын, шағын наубайхана ашып, өндірістік оқу бағдарламасына енгіздірткен. 1997 жылдары басталған дағдарыс кезінде жабылғалы тұрған аудандық спорт мектебі мен орталық интернатты училищенің базалық құрамына қосқызып, қысқартудан сақтап қалған. Училищенің оқу-өндірістік шаруашылығының жер көлемін кеңіттіріп, бұлақ суынан тоғанмен суармалы егістік жасаттырып гектарынан 18 центнерге дейін өнім алуға қол жеткіздірткен. Теміртау қаласындағы жетім балалар үйінен 18 тәрбиеленуші балаларды алғызып, училищеде оқыттырып, мамандық алуларына мүмкіндік туғызған. Училищенің өнерлі шәкірттерінен «Тоқырауын түлектері» атты ансамбль құрғызып, 1994 жылы Алматы қаласында өткен фестивальда лауреаттық мәртебеге қол жеткіздіртіп, соның нәтижесімен 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында Үнді елінің астанасы Делиде өткен «Балалар бейбітшілік тұтқасы» атты халықаралық фестивальға бастап апарып түлектердің өнерін тамашалаттырған.
2008-2018 жылдары зейнеткерлікте жүріп, аудандық музейге жетекшілік жасап, музейді ұлттық мұралардың тарихи мекеніне айналдыруға шығармашылық үлесін қосқан.
«Ел тарихы-рухани қазына», «Ақтоғай өнерінің шамшырақтары», «Алаштың Әлиханы», «Ақтоғайдағы жер, су атаулары», «Музей мұралар мекені», «Ақтоғай тарихтың тас сандығы», «Тынымсыз ғұмырым», «Жақсы сөз жарым ырыс», «Қарашаңырақ Қараталым» «Үш арыстың ауылынанбыз» деректі танымдық кітаптары жарық көрген. «Ақтоғай ауданы энциклопедиясын» құрастыршы бас авторы. «Ақтоғай тарихтың тас сандығы», «Әлихан Бөкейхан Ұлт азаттық күрескері", "Таста сақталған тарих" атты танымдық, деректі фильмдері жарыққа шыққан.