Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Алашшыл бол" деп жалаң ұрандайтындар креслосынан түспесе, жол бермесе, жастар ұлтқа қалай қызмет қылады?" - жас алаштанушы

12:37, 30 маусым 2024 1144

Ұлттық мемлекеттің қалыптасу жолында "Алаш әлемін" дәріптеу мен насихаттау қандай маңызды болса, мирасы мен мұрасын түсініп-түйсіну де сондық қажетті, азат санамен игерілтуі тиіс мол білім, маңызды мүкаммал екені түсінікті. Бірақ қазіргі ақпараттық дүрмекте Алаш абадандарын беткейге ала отырып өз атауын зорайту, болмыс биіктету талпынысын байқауға болады. Ал мұрасын айшықтауға келгенде тек беткөбін сүзе сөз айту сарыны бар. Тереңдей індетуге талап, жігер, қажыр мен мол қайрат жете бермейді. Бір ерекшелігі, кейіпкеріміз бұл торапта бізден асыра ой айтады. Саф ғылым үшін жастық шақты, той-думанды, саяхатты, махаббатты құрбан етуге тура келетінін таңбалайды. Әрине, бұл -  Алаш арыстары ұстанған хасыл мұрат екені түсінікті. Сол хасыл мұрат жолында болашақ бағдарын нақты айқындаған жас алаштанушы ғалым, зерттеуші Жауынбай Жылқыбайұлымен кеңес құрып, сұхбат қылдық. 

– Армысыз, Жауынбай батыр! Алаш қайраткерлері мен төл интеллигенцияның мұрасын жас зердемен бағалайықшы. Қазіргі заманның өресінен қарағанда қандай ерекшеліктері бар? (тарихи таным, ұлттық сана, көркемдік көзқарас, бекзат болмысқа ықпалы)

– Қайырлы күн. Алаш қайраткерлерінің есімі қайта халықпен қауышып, ғылыми айналымға енгеніне 30 жылдан артық уақыт болған екен. Уақыт межесімен қарағанда, осы 30 жыл ішінде алаштану бағытында қыруар жұмыстар атқарылды. Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған алаш азаматтарының мұрасы түгенделіп, көптомдық шығармалар жинағы, түрлі ғылыми зерттеу еңбек жарық көрді. Бірнеше жылдан бері қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы қарқынды жұмыс  атқарып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы қазақ зиялыларын толық ақтауға, олардың ғылыми мұрасын халыққа насихаттауға зор септігін тигізеді.

Алаш азаматтары – ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлтқа (өз  басына емес) пайда қылуды көксеген, ұлт жұмысын ақысыз, пұлсыз істеп, қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениетінің, ғылымының негізін қалап кетті. Бүгінгі қазақ зиялыларының бойынан осы мінез табыла ма?

– Алаш мұрасын зерттеуде қай ашылмаған қандай аралдар бар, қай қайраткерлердің мұрасын ел жыға танымайды?

– Жалпы бізге ХХ ғасыр басында  «Алаш қозғалысына» қатысқан 3039 адамның есімі (Е. Тілешов дерегі бойынша) белгілі. Әрине, бұл көрсеткіш алдағы уақытта толықтырылатынына еш шүбә жоқ. Себебі тізімге енбеген, өңірлік жерлерде алаш қозғалысына қатысқан, ниеттес болған, есімі ел есінде қалған азаматтар көп. Ал енді біз осы 3039 адамның ішінен қаншасын танимыз, олардың есім-сойын білеміз бе, мәселе осында. Ғылыми айналымда жүрген 30-ға тартар қайраткерден бөлек, қалған азаматтардың ғылыми мұрасын кім қарастырады, неге ол қайраткерлердің әлі күнге дейін жоқтаушысы жоқ?

Халыққа ғылыми айналымда жүрген алаш қайраткерлерінен бөлек, Ә.Алдияр, А. Жүсіпұлы, Х.Сәрсекей, О. Алмасұлы, Ә. Қасымов, Ғ.Нұрымұлы, Х.Жүзбай, Ә.Балғымбай, Ә.Байғурин, М.Саматов, А.Барлыбай, Ә.Серкебай, М.Қыдырбай, Н.Рамазан, С.Сабатай, Ғ, Шоқай, Б.Ахметов, Ж.Ізбасаров, А.Жанталин, Е.Қасаболат, І.Жанқарин, И.Қашқынбай, О,Күзембай, Т.Жаманмұрын, Ғұмар Есенғұл, Кәрім Жәлен, К.Тоқтабай сынды  ірі қайраткерлердің есім-сойымен таныс емес. Мысалы, ХХ ғасыр басында екі жоғарғы білімі бар, тұңғыш дәрігер-Әбубәкір Алдияр болды. Ол Қазан университетін бітірген, дәрігерлік қызметінен бөлек, «Қазақ» газетінің жазушысы, мәдениеттанушы болды. Ол Тройцк қаласында С.Торайғырұлының көзіне тегін ота жасап, жас ақынға жәрдем қылады. Бұл оқиға жайлы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  1913 жылы «Қазақ» газетінің № 39 санына Ә.Алдияровқа жазған алғысы жарық көреді. Онда Сұлтанмахмұт былай дейді:

«Былтырдан бері көзіме «тырахома» деген ауру пайда болып, көп азап шектім. Жаздай еврей доктарына қаратамын деп, өзім шамалы кісі, шаруама ауыр тиді. Күзден бері қазақ доктары Әбубәкір мырза Алдияровқа қаратып жүрмін, қазір тәуірлене бастадым. Әбубәкір мырзаның «қазағым-қандасым» деп хәлімді біліп, тегін қарап тұрғанына шын көңілімнен тәңірі жарылқасын айтамын». Сондай-ақ, 1917 жылы «Қазақ» газетінің №216 санында «Троицкіде тұратын доктор Әбубәкір мырза Бермұхамедұлы Алдияров жаңада Орынборға келіп тұрды. Қазір теміржол ауруханасында қызмет қылады. Адресі: Грешковский орамда, Коробковтың жаңа нөмірінде, нөмір 115. Орынборда қазақ зиялылары көбейуіне, әсіресе, Әбубәкір мырзаның келіп тұрғанына шатпыз. Орынборда тәжірибелі жақсы қазақ докторы көптен керек еді. Көрші Торғай, Орал елдерінен мұнда келген ауру қазақтар орыс докторларына ауруларының мәнісін түсіндіре алмай көп ыңғайсыздық көруші еді»- деп жазады. Бұл хабар  газетке жарық көргеннен кейін, қайта «Қазақ» газетінің №219 санында «Орынборға доктор Әбубәкір Алдияров келіп тұрды» дегенді газеттен көрген жақын елдің ауруы бар адамдарды басқармаға келіп, адресін сұрай береді. Әбубәкір келген кезде жатқан нөмірден басқа пәтерге шыққан, қазіргі адресі: Канонирский пер. №9 дом, Пановой» - деп жазады. Бұл көрсетінділер арқылы біз Әбубәкірдің қарапайым, халық сұранысындағы білікті дәрігер болғандығын ұғамыз. Айта кететін тағы бір дерек 1917 жылы майданның қара жұмысына алынған жастарға көмек беру үшін Міржақып Дулатұлы Торғай губернаторына жастардың арасына жіберуді сұрап өтініш қылады.  Осы уақытта ұстанымы биік қазақ дәрігері Әбубәкір Алдияр азаматтық танытып, Міржақыпты қолдап,  қазақ жастары үшін қан майданның ортасына баратынын айтып ниет білдірген. Торғай губернаторы М.Дулатұлы мен Ә.Алдиярұлына 1917 жылы 25 ақпанда қол қойған кепіл қағаз берген. Бұл жайлы «Қазақ» газетінің №220 санының «ішкі хабарлар» айдарында «Минскіде шақырылған азаматтардың бірсыпыралары барды, бірсыпыралары жүріп жатыр һәм жүргелі жатыр. Бірақ доктор, фельдшерлердің табылуы қиын болып тұр. Күні бүгінге шейін барамын деген доктор жалғыз Әбубәкір Алдияров, фельдшерлерден Орал облысынан Құдайқұлов. Доктор Әбубәкір һәм бұратана бөліміне секретарлыққа шақырылған Міржақып екеуі 27 февральда Минискіге жүріп кетті» - деп жазады. Әбубәкір Алдияр Міржақып Дулатұлымен бірге майдан даласына аттанады. Ол майдан даласында тырохма, іш сүзек, оба сынды аурумен күресіп, қазақ жігіттеріне дәрігерлік қызмет көрсетеді.

Міне, осындай Әбубәкір сынды қайраткердің есімін ел білмейді. Ә.Алдиярдың тұлғасын зерттеуді студент кезден қолға алып бастағанмын. Бүгінде Әбубәкір жайлы ғылыми еңбек, құжаттар мен материалдар жинағын дайындап отырмыз. Жоғарыда көрсетілген қайраткерлерді ел жыға танымайды, әрқайсысының ғылыми мұрасын жинақтау үлкен қажыр-қайратты қажет етеді.

– Шын мәнінде «Алашшыл болу»  мен айтаққа ерудің аражігін қалай ажыратамыз?

– Меніңше, өзінің жүйелі ойы жоқ, оқығаны саусақпен санарлық, әліпті таяқ деп білмейтін адам ұраншыл келеді. Жалаң ұран –  бос бөшке секілді. Оның дауысы қаттырақ шыққан сайын, соғұрлым бос екенін ұғына беруге болады. Ал жалаң ұранның артынан еру – таза ақымақтық. Ұлтқа қызмет қылатын адам айқайламайды, зар қақсамайды, өткенін жоқтамайды. Керсінше үйретеді, көрсетеді, дәлелдейді, келешек ұрпаққа жеткізеді. Ә.Бөкейхан: «Пәлен хан-ай! Пәлен би-ай!» деп үйде отырып өкінесіңдер. Бұрынғы хандарың да, бұрынғы билерің де осы күнгі атқа міндім деп жүрген өздеріңдей еді. Қазақтың бұрынғы басшыларында әділдік береке болса, бүгінде қазақ бұл күйде болар ма еді?»-дейді. Бүгінгі ұрпаққа да бұл сөзді қайталауды қажет етеді.

– Жастар жағы қазір Алашшыл ма?

– Иә, қазіргі жастар алаш тарихына қызығады, оларды үлгі етеді. Статистика бойынша Қазақстанда «Әлихан» деген есім көп қойылады. Бұл Алаш қозғалысының көсемі – Әлихан Бөкейханға қылған құрмет болса керек. Бірақ біз әлі күнге дейін жастарға «Алаш идеясын» дұрыс жеткізе алмай жүрміз. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларын жік-жікке бөліп, бір-біріне қарсы қойып, жастардың бойына советтік көзқарасты сіңіруге тырыспау қажет.

 

– Бәрекелді! Алдағы «Алаш әлемі» қай бағытта зерттелуі керек деп санайсыз?

– Қазіргі уақытта алаштану, тұлғатану саласы қай бағытта зерттелуі керек, біз қай бағытта, қай межеде келе жатырмыз, кімдер елеусіз, есскерусіз қалды деген сұрақтардың жауабын жазу үстіндемін. Алаштану саласында терең қарастырылмай келе жатқан тақырыптардың бірі – бүркеншік есімдер. Өзіңіз білесіз, өткен ғасырдың басында бүркеншік есімдерді қолдану кең етек жайған болатын. Мысалы ғалымдар Б.Майлиннің 74 бүркеншік есімі болғандығын айтады. Сол сықылды алаш арыстарына қатар телініп жүрген, әлі сыры ашылмаған бүркеншік есімдерді ғылыми тұрғыдан қайта нақтылау қажет.

– «Әлихан арманының жетегімен» былтыр Мәскеуге сапарлап, мұрағат пен аймақты толық шолып қайттыңыздар. Беймәлім болған қай жайтқа қанықтыңыз?

– Иә, «Qyr balasy» қоғамдық қоры мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми зерттеу институтының директоры Ұшқын Сәйдірахман, бас ғылыми қызметкерлері Елдос Тоқтарбай, Заңғар Кәрімхан, Алтынбек Құмырзақұлы және жас зерттеушілерінен құралған ғалымдар тобы Ресей еліне «Алаш жолымен» деп аталатын ғылыми-танымдық экспедицияға барған болатанбыз. Жалпы экспедицияға жазушы, алаштанушы-ғалым Елдос аға Тоқтарбай жетекшілік етті. Бұл жас ғалымдарға жасалған үлкен қолдау, мүмкіндік еді. Эспедицияның алғашқы күнінде Алаш арыстарының мүрделері жатқан Дон қорымы, Новодевичье зираты, Коммунарка қабірстаны, Ваганьков қорымына барып,  арыстардың рухына бағыштадық. Дон  қорымына ұлт көсемі-Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақұлының күлі төгілсе, Коммунаркада Нәзір Төреқұлы, Тұрар Рысқұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Ғазымбек Бірімжан, Зияда Әбенұлы жерленген. Ал Ваганьков қорымында Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббасұлы, Ахметсапа Жүсіпұлы, Хайретдин Болғанбай, Дінмұхамед Әділұлы, Әбдірахман Мұңайтпасұлы, Әбірахман Байділдәұлы, Дамолла Битілеуұлы, Ғани Мұратбаев сынды Алаш ардақтылары жатыр. Эспедиция барысында ГАРФ, РГАСПИ, СПбГИА, МГЦА, ГАМО, РГАНИ, РГАЛИ, РАТ сынды архивтермен жұмыс жасап, Химки қаласындағы газет-журналдар және сирек қолжазбалар кітапханасынан «Бірлік туы», «Бостандық туы», «Ауыл», «Сарыарқа», «Ауыл тілі», «Кедей сөзі» газет-журналдарының еліміздің сирек қорларында сақталмаған нөмерлерін анықтап, түпнұсқасын сканерледік. Ресей архивтерінен Тел Жаманмұрынұлы, Аққағаз Досжанқызы, Нығмет Нұрмақұлы, Зүпнұн Нұрмақ келіні, Нұқ Ғабдолғалымұлы  Рамазан, Ғазымбек Бірімжанұлы сынды қайраткерлердің жеке делолары табылды. Мысалы 1914 жылы «Қазақ» газетінің №71 санында «Күйінішті өлім» деген тақырыпта Нұқ Рамазанға арнаған қазынама жарық көрді. Қазынамада: «Иун жұлдызының аяғында студент Нұһ мырза Рамазанов опат болды. Марқұм Семей облысы, Паулодар уезі, Басқұдық елінің қазағы Ғабдолғалым ақсақалдың баласы еді. Марқұм Семей гимназиасын бітіргеннен кейін екі жыл университетте (Петербург һәм Томскі) де оқып, онан кейін өзі ұнатуынша Мәскеудегі Лазеровски институтқа кіріп, өткен 1913-нші жылы бітіріп шығып еді. Мәскеуден ауырып қайтып, бір жылдай үйінде жатып ақырында жөтел ауруынан жазылмай, жарық ойлы жас талапкер 15 жылдай өмірін сарф еткен ғылымның қызығын көріп, жемісін тата алмай һәм туған елі қазағына қызмет ете алмай арманда кетті. Оқушысы, талапкері аз қазақ халқына мұндай үміт еткен азаматтың ғұмыры қысқа болуы зор қаза. Қалғандарына қайырлы болсын, марқұмның рухы шат болсын!»-дейді. Осы Нұқ Рамазанның Семей гимназиясына оқуға түсуіне тілекей себепкер болған азамат – Әлихан Бөкейхан еді. Н.Рамазан 30 жылға жетер-жетпес ғұмырында Абайдың, Міржақыптың туындыларын орыс тіліне аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласына өлшеусізді үлес қосып кетті. Міне, Әлихан сенген қазақ жастары осындай болды. Мәскеу архивтерінен осындай алаш азаматтарының жеке-іс құжаттарын тауып, ғылыми айналымға енгізу жолында көлемді ғылыми-зерттеу мақалаларын дайындап отырмыз. Сондай-ақ,  биыл Мәскеу ғылым сапары нәтижесінде, жазушы, алаштанушы Елдос аға Тоқтарбайдың жетекшілігімен, Е.Біләл, М.Боранбай, А.Әлиақбар, Т.Жеңіс сынды жас алаштанушы ғалымдармен бірігіп,  «Алаш тарихы: Ресейдегі Алаш ізі» тақырында тарихи-танымдық зерттеу, анықтамалық көрсеткіш дайындап отырмыз.

– Іске сәт! Замана өтінде Алаш қайраткерлерімен жүздессе қалсаңыз, не хақында әңгімелесер едіңіз? Көкейде қойылуы тиіс қандай сұрақ бар?

– Ғылым дәлдікті қажет етеді. Жаңсақ бассаң, қателессең, кешірмейді. Әрине, ғылыми көзқараспен қарасақ, бұл мүмкін емес дүние. Бірақ ғайыптан ондай мүмкіндік бола қалса, бас тартпас едім. Алаш қайраткерлеріне көкейде қояр сауал көп. Оны қазір санамалап отыруға уақыт жетпейді.

–  Шын ғылым қашан да адамгершілік жолында жұмсалуы тиіс. Алайда адамшыл әрекеттің айғайы қатты болмайды. Міржақып бір жазбасында «Біздің қазақ ғылым жолында еңбек сіңірушілерді тез ұмытқыш келеді» дейді. Бұл пікірі турасында не айтар едіңіз?

– Ғылым жолы – ауыр да азапты жол. Оның машақатын сол жолда жүрген зерттеушіден артық ешкім білмейді. Ғылым – құрбандықты қажет етеді. Ғылым үшін жастық шақты, той-думанды, саяхатты, махаббатты құрбан етуге тура келеді. Алаш арыстары осы жолда басын бәйгеге тігіп, түрме азабын тартып, қазақ ғылымының негізін қалап кетті. Міржақыптың өзі айтқандай, қылышынан қан тамған батыр болмаса, Қарымбайдай ертегі болып қалған бай болмаса, қазақ ғалымының қадірін әзір ұғынбайды.

Алаш мұрасы мен өнегесін қай бағдарда насихаттап, кімдерден «қызғыштай қоруымыз» керек?

– Алаш арыстарының экономикалық көзқарасын, қоғамдағы әлеуметтік-саяси идеясын, сыртқы сауда-саттық, ішкі өнімдерді импорттау, земство мәселесі, мемлекеттік басқарудағы әлем елдерінен алған (өкінішке орай, толық жүзеге асыра алмаған) тәжрибелерін санамалап, бүгінгі қоғамға насихаттау қажет. Мысалы, 1927 жылы КСРО халықтарының кіндік баспасынан Ахмет Баржақсыұлының «Тұтыну дүкенінің ісін қалай жүргізу керек» деген кітабы жарық көрді.  Бұл кітапта:  «Дүкен саудасын қалай жүргізу керек?», «Тауарға баға кесу», «Тауарды кімге сату керек, қалай сату керек?», «Келісім қағаз (договор), «Тұтыну дүкенінің қаражаты тақырыбы», «План жасау», «Баланс»- тақырыптары кеңінен қамтылады.  Автор дүкен саудасы жайлы мынадай кеңестер айтады:

1) Товарды алғанда елдің, жарлы-жақыбайының, жарнашылардың ыңғайына қарай алу керек;

2) Товарды уақытына қарай алу керек, қысқа-қысша, жазға–жазша, күзге-күзше;

3) Товардың санына, арзанына қарамай, маңызына қарап, сүйегінің жақсысына қарай алу керек;

4) Товар сенімді болсын. Сенімді дегеніміз- товардың бағасы түсіп зиянды не өтпей қалмайтын болсын.

Бұл бір ғасыр бұрын шыққан еңбек болса да, әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Біз Алаш арыстарының әлемдік құндылықтарға деген көзқарасын айшықтай түсуіміз керек.

Алаш сөзін мақсатты түрде қолдануымыз қажет.  Алаш деген сөз айтылса, көз алдымызға ескі базар, қираған көше, шалғайдағы ауыл келмеуі керек. 1913 жылы «Қазақ» газетіне Түрік баласы: «Алаң келме, Алаш кел» деген бір мысал сөз бар. Сондағы Алаң «шетелдің кісісі», Алаш «Отан кісісі» мағынасында болады»-дейді. Сондықтан тек «алаш» сөзінің осынша қорлануына жол беріп қойсақ, қалған мұрасын қалай қызғыштай қоримыз?

–  «Алаш бағдарламасына» қазіргі индустриалды ортада қалай жан бітіреміз? Замандас құрбы-құрдастың сана сауытына қандай ой салып, кеңес айтар едіңіз?

–  Әлихан Бөкейхан: «Надан жұрт алдыңғы мәдени жұрттың киіп тастаған ескісін кимек», – дейді. Біз әлі күнге дейін мәдени жұрттан қалған ескіні киюден шаршамаған сықылдымыз. Міржақып Дулатұлы: «Жұрт боламын деген жұрттар не қылып жатыр? Соған ой жіберу керек», – деп, жұрт болудың негізі алғышарттарын атап өтеді. Ұлт көсемдерінен бөлек, М.Есболұлы, Ғ.Бірімжан, Т.Жаманмұрын, С.Сабатай т.б  зиялылар индустриалды қоғам құру үшін, аянбай қызмет қылды. Біз бүгінгі қоғамға сай «Алаш бағдарламасын» ұсынған да жоқпыз, оны әлі дайындаған да жоқпыз. Бірақ «алашшыл бол, ұлтыңды сүй, елге қызмет қыл» деп ұрандап келеміз. Саналы, есі дұрыс адам елге қызмет қызмет ету керегін түсінеді. Бірақ сол ұрандап отырған адам креслосынан түсіп, жол бермесе, жан-жақты қолдау көрсетпесе, ол қайтіп ұлтқа қызмет қылады? Сондықтан жалаң ұран – жетістікке жеткізбейді.

Қоғамнның дамуына үлес қосады деген саналы жас азаматтардың шетелге кетіп, сол жақта қоныстанып қалғандарына қапалымын. Әрине, мен оларды бір жағы түсінемін. Бірақ дәл солай, бір ғасыр бұрын шетелде оқыған Ғ.Бірімжан, Д.Битілеу, Ә.Мұңайтпасұлы, С.Танаш, Т.Қазыбек сықылды қазақ жастары елге оралып, қызмет қылды. Кейін осы азаматтардың барлығы қуғын-сүргін құрбаны болса да, қазақ тарихында қалды. Бізге тағы да осы жігер жетпейді. Әлиханның «ұлтқа қызмет ету білімнен емес мінезден» деген сөзі еріксіз ойға түседі.

- Cалауатты сұхбат үшін мың алғыс! Алаш өнегесі ғұмырнамалық бағыт-бағдарыңызға сәуле түсірсін!

Сұхбаттасқан: Дастан Қастай
Журналист
ALASH.KZ ұлттық порталы

 

 

 

 

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар