Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алапат өрттен соң Әулиекөлдік тұрғындар қуанышқа бөленді

12:26, 24 қазан 2022 136
Республика күнінің қарсаңында Әулиекөлдік 91 тұрғын жаңа үйге кіріп, қоныс той тойлады. Еске сала кетсек екі ай бұрын Қостанай аймағында шыққан өрт бірнеше күнге созылып, 43 мың гектар жерді шарпып, орман мен бес елдімекен өрттен зардап шеккен болатын. Өңірден екі мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 91 үй күлге айналды. Аталмыш өрт республика жұртын дүр сілкіндіріп, халық болып гуманитарлық көмекке киім кешек, азық түлік жинады. Бір күндік жалақыларын аударған да жұмысшылар болды. Нәтижесінде халық болып төтенше жағдайдың салдарын жеңілдетуге барынша атсалысты.

Мемлекет те бұл жағдайда қалыс қалмай барынша төтенше жағдайдан зардап шеккен өңірге көмек қолын созды. Қостанай облысының Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдарының тұрғындары өрттен соң түрлі деңгейдегі көмектер алды. Өрт кезінде жанып кеткен үйлердің 85-і – Аманқарағай ауылы тұрғындарына тиесілі болса, 6-ы – Озерное ауылыныкі болғандықтан бүгінде осы тұрғындар барлық жағдай жасалған, тіпті жихазы да кіргізілген жаңа баспаналарына қыс түспей кіріп үлгерді. Атап өтер жайт осы өрт кезінде 10 адам жарақат алса, күйік алып, жеңіл және орташа ауыртпалықта уланғандар да кездескен. 1935 жылы туған бір адам қаза да тапқан болатын.
Өрт сөндіруге өңірдің төтеншеліктерінің күші жетпейтін болғандықтан, басқа облыстардан да көмек шақырылған. Өрттің қаншалықты ауыр, ауқымды болғанын содан-ақ аңғаруға болады. Сол кездерде өртті сөндіруге 224 техника, 7 әуе кемесі, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 2193 адам жұмылдырылған. Өрт сөндіру жұмыстары кезінде әуеден 93 рет су да шашылған. Осындай күрестің нәтижесінде өрт әзер деп сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде тұрғындарға су жаңа үй салып беріп, жаңа ауылдың тұрғызылуына мұрындық болған мемлекеттік басқару жұмыстарының да маңызы зор. Өйткені дүние мүлік, мал мен құстарына шейін жанып кеткен ауыл тұрғындары қылышын сүйретіп келе жатқан қыс алдында ертеңгі күні үшін айтарлықтай алаңдаған еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұлттық мереке қарсаңында, екі айға жетпейтін уақыт ішінде тиесілі баспаналар иелеріне табысталып отыр. Бұл еліміздің төтенше жағдайдың зардабын жоюға бей жай қарамайтынын, төтенше жағдайдан зардап шеккен халықты қамқорлығына ала білетінінің айқын дәлелі.
Осы орайда атап өтсек, баспаналарды дер кезінде иелеріне табыс ету үшін жалпы құрылысқа он бес шақты мердігер компания қатысыпты. Олар екі айға жетпейтін уақыт ішінде баспаналарды даяр ету үшін күні түн жұмыс істеген көрінеді. Мемлекеттік бюджеттен арнайы 2,3 млрд теңге бөлініп, шашау шығармай мақсатты түрде жұмсалғанының арқасында барлық тұрғын дер кезінде кілттерін алды. Атап өтер жайт, асығыс салынып, құтыла салды дейтіндей де емес. Әрбір үйдің жалпы ауданы жүз шаршы метр, барлығына газ, су, кәріз жүйелері тартылған, тіпті демеушілердің көмегімен алынған жиһаз бен тұрмыстық техникалар да тұрғындардың көңілінен шығып отыр. Сондықтан өрттен соң барынан айрылып, көңілдері түскен ағайын кешелі бері жергілікті атқарушы билікке де, Үкіметке де дән ризалықтарын білдіруде. Халыққа қаржылай да қолдау жасалып, есепшоттарына қайырымдылық қорларынан қаржы аударылуда. Бұл еңсесі түскен халықты бір серпілтіп отыр. Қоныс той тойлап жатқан тұрғындарға да хабарласып пікірін білгенімізде, өз ризашылықтарын жасырмады.
«Шыны керек қанша уәде беріліп жатса да сонша үй бір уақытта тез арада беріле қояды деп ойламадық. Қазірдің өзінде салынған үйлердің сапасы, коммуналдық жасалған жағдайлары, көшелерге дейін асфальттануы, жихаздардың кіргізіліп беруі, барлығы барлығы көңілімізден шығып отыр. Мемлекеттің қамқорлығын анық сезіндік. Төтенше жағдай кезінде қаншалықты үрейленсек, соншалықты соңының мұндай қуанышпен бітерін сезбеген едік. Халық та өз кезегінде барынша заттай да, ақшалай да қамқорлықтарын сезінтті. Еліміздегі мейірімділік, қайғыны бөлісу, қайырымдылық көрсету секілді асыл қасиеттердің өшіп кетпегенінің куәсі болдық. Барлығы үшін халыққа да, мемлекетке де үлкен рахмет» дейді жаңа «Бірлік» шағын ауданының тұрғыны Жұмакүл Рахметова апай. Шын көңілден шыққан тұрғынның сөзінен дән риза екенін байқадық. Бүгінде жаңадан бой көтерген Бірлік ауылы қазақ елінің қиын қыстау сәттегі бірлігінің символындай болып санайлы айда бой көтеріп отыр.
Жалпы осы күндер ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен, барлық қазақстандықтар Қостанай жеріне келген ортақ қасіретті бірлесе еңсеріп, елдігін көрсетті. Еріктілер де өздерінің белсенділігін көрсетіп, гуманитарлық көмек республикамыздың түкпір-түкпірінен келді. Еліміздегі депутаттардан бастап, қарапайым халыққа дейін бір күндік жалақыларын аударып, өздерінің қамқорлығын аңғартты. Халыққа ғана емес күлге айналған орманға да қамқорлық жасалуда. Мемлекет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан барынша қалыпқа келтіру жұмыстары көрсетілуде. Соның дәлелі осы екі ай көлемінде өртенген орман аумақтарын тазарту жұмыстары жүргізіліп, ағаш отырғызу, көшет егу жұмыстары да қолға алынды. Аманқарағай кентіндегі тас жол бойына 25 мың қарағай мен қайың көшеттерін отырғызу шаралары аяқталып келеді. Тұрғын үйлерден бөлек ауылға төрт ойын алаңы, футбол алаңы және екі спорт алаңы салынып халықтың пайдалануына берілуде. Бір сөзбен айтқанда аймақ өрттен соң бір серпіліп қалды. Рас, материалдық шығын қалып келеді, тек адам шығыны орын алмасын деген көптің тілегінің ақиқат екеніне тағы бір көз жеткіздік. Бүгінде өртенген аумақ бұрынғыдан да жаңарып, жаңғырып қалыпқа келтірілуде.
Жалпы бұл бірінші рет емес. Осыған дейін де елімізге төтелей келген талай төтенше жағдайдың салдары осылай көп болып көмектесудің арқасында дер кезінде қалыпқа келген болатын. Мәселен 2010 жылы наурыз айының 11-нен 12-не қараған түні бөгет жарылып, Қызылағаш ауылы тасқынның астында қалған еді. Осы қайғылы оқиға салдарынан ауылдағы 460-тан астам үй жермен-жексен болса, 45 адам қаза тапты. Кейін баспанасынан айрылған тұрғындардың барлығы үймен қамтамасыз етіліп, ауылдың аяққа тұруына мемлекет ерекше көңіл бөлген болатын.
Мемлекеттің, халықтың жалпы қоғамның бірлігінің, елдігінің сыналатын кезі осы төтенше жағдай кезі десек, еліміз төтенше жағдай кезінде өзінің ауызбіршілігін, халыққа қамқорлығын танытуда.
Ерзия Ерсұңқар
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар