Әділетхан Молдаханға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімі апелляциялық алқада қайта қаралып, жазасы өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Журналист Руслан Өтепбай желідегі парақшасына бейнежазба жариялады.
"Бүгін, 22 қыркүйекте Әділетхан Молдаханға қатысты апелляциялық сот отырысы өтті.
Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, Әділетхан Молдаханға тағайындалған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы күшінде қалды",- деп жазды журналист.
Оқылымнан соң көзіне жас алған Әділетхан Молдаханның жары өз ойын былай жеткізді:
"Мен келіспеймін. Біз моральдық, материалдық шығынның бәрін төледік қой. Әділетханды жіберу керек еді ғой. 6 айдан бері не үшін шырылдап жүрміз".
Әділетхан Молдаханның қорғаушысы өз уәжін айтты:
"Біздің басты аргументімізге сот нақты жауап бермеді. Бірақ, соттың шешіміне пікір білдіре алмаймын. Өйткені, касациялық жағымымыз бар. Соған шағымданамыз. Алда әлі жұмыстарымыз бар".
Еске салсақ, 2026 жылдың 21 наурызында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында қарсы жолаққа шығып кеткен Zeekr автокөлігі Mercedes-ке соғылып, 29 жастағы жүргізуші мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы қаза тапқан болатын. Жол апатына себепкер болған Zeekr жүргізушісі Александр Пак 22 маусымда сот шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы оқиғаға қатысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қайғылы оқиғаға Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеп, кейін полицияның бірнеше басшысы қызметінен босатылған еді.
Ал әлеуметтік желіде мыңдаған оқырманы бар блогер Әділетхан Молдахан осы апатқа қатысты видео түсіріп, 31 наурызда қамауға алынды. Келесіде оған "Көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, 14 шілдеде ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 3-бөлігі бойынша 2,5 жылға мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 5 жыл бойы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялауға тыйым салынған еді. Соттан кейін блогер «Мен тек шындықты айтқанымды мойындаймын» деп мәлімдеген болатын.