Таразда мектептегі төбелес кезінде көзінен ауыр жарақат алған 16 жастағы оқушы алты отаны басынан өткеріп, қазір жетінші хирургиялық операцияға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға сәуір айының ортасында қаладағы гимназиялардың бірінде орын алған. Жасөспірімнің айтуынша, 9-сынып оқушыларымен келіспеушіліктен кейін оны киім ауыстыратын бөлмеге шақырып, ұрып-соққан. Жәбірленуші көзіне нақты немен соққы тигенін көріп үлгермеген. Дәрігерлер соққының өте жойқын болғанын және салдары қалпына келмейтінін растап отыр.
«Ауыр соққының салдарынан көзі жарылып кеткен. Сыртқа аққан сұйықтықты жинап, артығын кесіп, алып тастады. Түсіп қалған тіндерін ота кезінде қайта құрастырды. Өкінішке қарай, балам өмір бойына мүгедек болып қалды», — деді жәбірленушінің анасы.
Зардап шеккен оқушының анасы шабуылға бірнеше бала қатысқанын, бірақ айыпталушы ретінде сот алдында тек бір жасөспірімнің ғана жауап беріп жатқанын айтады. Оның сөзінше, екінші қатысушы істе тек куәгер мәртебесінде қалып қойған. Шарасыз ана құзырлы органдарға сан рет арызданғанын жеткізді.
«Мен талай рет жаздым, телефоным да, eGov та арызға толы. Жоғары тұрған инстанциялардың осы заңсыздыққа назар аударғанын қалаймын. Неліктен мұндай істерді бұрмалайды? Іс прокуратура мен сот арасында жүргенде, ол кенеттен куәгер болып шыға келіпті. Әділдік пен заң бойынша 106-баптың топтық қылмыс бөлігімен екеуі де жауапқа тартылуы тиіс еді», — деп налыды анасы.
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі істің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жабық режимде қаралып жатқанын хабарлады. Қараземдегі оқушы емделуін әлі де жалғастыруда, алайда бұл жарақаттың асқынуы оның екінші көзіне де кері әсерін тигізуі мүмкін деген қауіп бар.