Елордада 31 тамыз күні орын алған қайғылы оқиғадан соң, құрылыс кранынан құлаған Ақмарал Қарабалиеваның жағдайы қазір өте ауыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Биіктен құлаған келіншектің есін жиып, тілге келгеніне де бірнеше тәулік қана болған. Аурухана төсегіне таңылған жалғызбасты анаға бір айдың ішінде пәрменді бес бірдей ота жасалып, бір аяғы кесілді. Оған қоса түрлі дене жарақаттарын алып, бүйрегі зақымданған.
Ақтөбеден қоныс аударған бұл отбасының қазіргі ахуалы мүшкіл. Өлім мен өмір ортасында арпалысып жатқан келіншекті үйде үш перзенті күтіп отыр. Күнделікті қымбат дәрі-дәрмегін былай қойғанда, мойнындағы 19 миллион теңге ипотекалық қарызы да қыспаққа алған.
Үш баланың анасы Ақмарал бұл қауіпті жұмысқа жан бағу үшін амалсыздан барғанын айтады:
— Айлығы сәл дұрыстау болған соң, қиын болса да, осы жұмысқа кіріп, жан бағып жүрдім, — деді ол.
Апат болған күні кабина ішінде үш адам болған. Слесарь оқиға орнында бірден жантәсілім етсе, екінші жұмыскер үйіне жіберілген. Ақмаралдың айтуынша, техниканың ақаулы екенін ескерткенімен, басшылық оны құлаққа аспаған:
— Ауырғанды басатын дәрілер көмектеспейді. Кейде жаныма қатты батқанда, Алла тағала мені алып кетсе деп де тілеймін. Мен әу бастан айттым, кран әлсіз бекітілген деп. Алайда басшылық: «Жоқ, бар жұмысты бүгін бітіріп тастауымыз керек» деп, маған жекіді. Сөйтіп бекітілмеген кранға үшеуіміз міндік. Техника салмағымызды көтере алмады, — деп ағынан жарылды Ақмарал Қарабалиева.
Алайда жауапты құрылыс компаниясы еңбек ету қабілетінен айырылған келіншекке бар болғаны үш айлық жалақысын төлеумен ғана шектелген. Жәбірленушінің сөзінше, басшылық жәрдемақы төлеу мен көмек қолын созудан қашқақтап, тіпті телефон қоңырауларына жауап бермей қойған. Ал шай деспей бірге жұмыс істеген ұжымдастары да жауапкершіліктен ат-тонын ала қашуда. Жұмысшылардың берер жауабы қысқа:
— Білмеймін, неден болғанын.
— Ақмарал қашаннан бері істейді, сіз қашан келдіңіз?
— Білмеймін, ештеңе білмеймін.
— Ал слесарі қайтыс болды, иә?
— Мен ештеңе білмеймін. Мен ол кезде болмадым.
— Өз араларыңызда жиналыс болды ма?
— ТБ жиналыстар, қалғанынан хабарым жоқ.
Аяғынан айырылған келіншек өмірінің соңына дейін құрылыс компаниясынан тиісті өтемақы алуды талап етіп отыр. Еңбек министрлігі екі ортада заңды еңбек шарты болғандықтан, заң жәбірленуші тарапында екенін растады.
Астана қаласы, Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Рустам Жандосов жағдайды былайша түсіндірді:
— Жұмыскердің заңды түрде еңбек шарты бар және сақтандыру шарты бар. Еңбек кодексінде көзделген төлемдер төленеді. Ипотека төлеу мәселесі бойынша жұмыскер мен жұмыс беруші екеуі келіседі. Себебі еңбек заңнамасында ондай төлемдер көзделмеген.
Қазіргі таңда министрлік жанынан арнайы комиссия құрылған. Ақмарал ауруханадан шығып, мүгедектігін рәсімдегеннен кейін, дәрігерлер тобы оның еңбек қабілетін қанша пайызға жоғалтқанын шегелеп айтады. Тек содан кейін ғана бұрынғы жалақысының бір бөлігі ай сайынғы жәрдемақы ретінде бекітілмек.
Ал әзірге үш баланың анасы орта жолда аға-көкелер араласып, тиісті төлемдерден қағылмасам екен деп, Құдайдан тілеумен отыр.