Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Атып өлтіреміз» деп қорқытты: Қызылорда облысында 26 жастағы малшы із-түзсіз кетті

15:16, 22 қыркүйек 2026

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 26 жастағы Жанболат Байділләұлының із-түзсіз жоғалғанына 21 күн болды. Туыстары оның артында қорқытып-үркіту мен қысым көрсетілгені туралы хат қалдырғанын хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia-ға сілтеме жасап.

Төрт жыл бұрын мал бағып нәпақа табу үшін Жаңақорғанға келген жігіт қара шаңыраққа бірнеше айда бір соғып тұрған. Ата-анасының сөзінше, бастапқыда қожайындары айлығын уақытылы бергенімен, кейіннен қарым-қатынас суып, жалақыны кешіктіруге түрлі сылтау айта бастаған. Жоғалар алдында Жанболат сыныптасына хабарлама жазып, Құранның ішіне екі парақтан тұратын хат қалдырғанын ескерткен.

«3 жылдан бері беттерін жауып, түн ішінде 4 бала келіп тұрады. Кентаумен арада наша тасып бересің деп қысым жасап, қолма-қол ақша талап етіп алып отырды. Осыдан 8 күн бұрын 4 жігіт тағы да келіп, сені мылтығыңмен атып өлтіреміз деп қорқытты. Бір адамның өлімі қоғамның тазаруына себеп болса, тағдырыма ырзамын», — делінген хатта.

Жақындары бұл қысым туралы бұған дейін мүлде білмегенін айтады. Анасы Мейрамгүл Жаңжарық ұлының тағдырына алаңдап, оның атынан несие де рәсімделгенін жеткізді.

«Жуас бала. Осы жерде жұп-жуас болып аман-есен аманат қылып алып кеткен. Аманатқа қиянат жасап отыр енді өздері. Біледі иелері. Өлмейді ол, өлмейді өзі келеді, өзі қашып кеткен деп отыр олар. Жиені бар қасында. Менің баламның атынан миллион кредит алған», — деді жоғалған жігіттің анасы.

Жігіттің әкесі Байділлә Жаңжарық баласын табу үшін Шымкент пен Қарабұлаққа дейін іздеу салғанын, алайда берілген ақпараттардың ешқайсысы расталмағанын айтты. Туыстары мен ауылдастары 2 газель, 5-6 мотоцикл, екі дрон жалдап, тауды аралап өз беттеріңше іздестіруде. Олар полицияның жұмысына көңілі толмайтынын жасырмайды.

«Ойбай, Шымкентте Датқа ауылында жүр екен деді. Одан Қарабұлақта жүр екен деді телефоны. Содан жоқ қой. 21 күн болды қазір. Полиция қайта-қайта іздеп жатырмыз дейді. Ешқандай нәтиже болмай жатыр. Тауды іздедік барып. 9-күні ауылдан 2 газель жалдадық. 5-6 мотоцикл алдық. Ағайындар шықты әйтеуір. Жора-жолдастар. Екі дрон жалдадық», — деді әкесі.

Өз кезегінде Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов іздеу шаралары тоқтаусыз жүргізіліп жатқанын алға тартты.

«Іздеу жұмыстарына Ішкі істер органдарының жеке құрамы, ТЖД қызметкерлері, туыстары, еріктілер, блогерлер және жергілікті тұрғындар тартылды. Іздеуге жергілікті атқарушы органдар да белсенді көмектесіп жатыр. Іздеу жұмыстары арнайы иттердің, дрондардың және сүңгуірлердің көмегімен жүргізілуде. Жедел іздестіру топтары құрылып, облыс аумағында іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», — деді Асылбай Аңсатов.

Жастайынан мал бағып, ауыр жұмысқа төзімді болған Жанболаттың туыстары оны біреулер күштеп ұстап отыр деген күдікте. Қазір отбасы оның үйге аман-есен оралуын күтіп отыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар