Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Айыппұл емес, қамау қажет»: Олжас Бектенов жазаны барынша күшейтуді тапсырды

16:11, 22 қыркүйек 2026

Премьер-министр Олжас Бектенов түнгі уақытта қатты дыбыс шығарып, тұрғындардың тыныштығын бұзатын мотоцикл мен автокөлік жүргізушілеріне қатысты жазаны барынша күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Alash.kz.

Үкімет отырысында Премьер-министр Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке тұрғындар тарапынан келіп түсетін шағымдарды шешуге бағытталған шаралар туралы сұрақ қойды.

«Қатты шулайтын мотоциклдер мен автокөліктер мәселесін бірнеше рет талқыладық. Оларға қатысты өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Түн ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жүр. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» — деді Премьер-министр.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мұндай құқық бұзушылықтарды анықтауға бейнебақылау камералары мен 102 нөміріне түсетін тұрғындардың хабарламалары көмектесетінін жеткізді.

«Жыл басынан бері осындай 372 дерек тіркелді. Барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 55-і қамауға алынды. Көліктер мен мотоциклдер айып тұрағына қойылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз», — деді Ержан Сәденов.

Министрдің есебін тыңдаған Үкімет басшысы тек қаржылай айыппұлмен шектелмей, тәртіп бұзушыларға қатысты қатаң шара қолдану қажеттігін кесіп айтты.

«Оларға айыппұл емес, қамау қажет», — деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін Астана мен Алматыда дрифт жасаған жүргізушілер 10 тәулікке дейін қамауға алынған еді. ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері жүргізілген рейдтер барысында 226 мыңнан астам жол ережесін бұзу дерегі анықталған, олардың арасында қауіпті көлік жүргізу фактілері де бар.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар