Астана қаласында белгілі дипломат Сәкен Мамашқа қатысты отбасылық зорлық-зомбылық ісі сот қарауына түсті. Бұл ақпаратты Alash.KZ порталы Астана қалалық сотының мәлімдемесіне сүйеніп растайды.
– Аталған қылмыстық іс Астана қаласының ауданаралық қылмыстық сотына жіберілді. Сот отырысы 2025 жылғы 29 мамыр күні сағат 10:00-де өтеді, – делінген сот таратқан ресми мәлімдемеде.
Карина Мамаштың оқиғасы туралы не белгілі?
Сәкен Мамаштың зайыбы Карина Мамаш бұған дейін әлеуметтік желіде және бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында күйеуінің ұзақ жылдар бойы (10 жыл) өзін физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратқанын айтқан еді. Оның айтуынша, жақында күйеуі шетелден, нақтырақ айтқанда Біріккен Араб Әмірліктерінен қонаққа келген үлкен әпкесін де ұрып-соққан.
Оқиғадан кейін Карина Мамаш ауруханаға жатқызылды, ал оның балалары қазіргі уақытта әкелерімен бірге екені хабарланды, деп жазды ulysmedia.kz. Жәбірленуші тарап қорғау шараларын сұрап, тиісті органдарға жүгінген.
Қоғамдық резонанс
Оқиға қоғамда кең талқыланып, отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты заңнаманы қатаңдату қажеттілігі туралы пікірлер жиі айтылып жатыр. Құқық қорғау ұйымдары мен белсенділер бұл істің әділ қаралуын талап етуде.