Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұбайының декларациясында көрсетілген қомақты қаражаттың шығу төркініне қатысты журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Министр отбасының 2024 жылғы салық кезеңіндегі табысы 88 миллион теңгеден асқаны белгілі болды.
БАҚ өкілдерімен кездесу барысында министрге жұбайы Сания Садықованың мұндай соманы қалай тапқаны туралы сауал қойылды. Бұған жауап ретінде ведомство басшысы өзінің заң алдындағы міндеттерін толық орындағанын алға тартты. Оның айтуынша, декларацияны жариялау фактісінің өзі ашықтықтың белгісі және жасыратын ештеңе жоқ екенін білдіреді. Министр қолданыстағы заңнама тек құжаттарды тапсыру мен жариялауды міндеттейтінін, өзінің осы талаптар шеңберінде әрекет еткенін атап өтті.
Журналистер қоғамда шенеуніктердің әйелдері немесе күйеулері мемлекеттік қызметкерлердің өзінен көп табыс табатын жағдайларға қатысты жиі күмән туындайтынын жеткізді. Осы орайда БАҚ өкілдерін табыстың жариялануы ғана емес, оның нақты қайдан келгені қызықтырды.
Бұл мәселеге қатысты Серік Жұманғарин: «Егер мұндай талаптар заңда қарастырылатын болса, мен ақшаның шығу төркінін түсіндіруге дайынмын», — деп мәлімдеді.
Декларация мәліметтеріне сүйенсек, министр отбасының 88 678 984 теңге көлеміндегі табысы бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан түскен. Нақтырақ айтқанда, бұл қаражат дивидендтер мен сыйақылар ретінде Сания Садықованың атына ресімделген. Қазіргі уақытта бұл ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр, алайда министр заң аясында барлық деректі ашық көрсеткенін айтудан танбады.