8 наурыз — біздің жүрегімізді шуаққа бөлейтін, ананың алақанындай жылы көктемнің алғашқы мерекесі. Табиғаттың оянуы осынау нұрлы мейрамнан бастау алатыны тегін болмаса керек. Азаматтың ажырамас сыңары — аруларымыздың жүздерінен әдемілік нұры таймасын, ішкі жан дүниелерінің байлығы мен жүректерінің мәрттігі сөнбесін! Баршаңызға көктемнің осы бір шуақты күнінде махаббат, денсаулық, бақыт және амандық тілейміз. Туған-туыстарыңызға игілік нәсіп болсын!
***
Бүгін — сіздердің мерекелеріңіз. Ер-азаматтарыңыз сіздердің қандай еркеліктеріңізді болсын көтеруге міндетті. Дегенмен, қыз-келіншектерге айтарым: жүректеріңіз біздің жаман жақтарымызды емес, тек жақсы қасиеттерімізді сақтап, қашанда айдай сұлу, күндей жылы жүздеріңізден нұр төгіліп, сүйікті де сүйкімді болып жүре беріңіздер!
Қара жерге қар жауар, Қарды көр де етім көр. Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де бетім көр, — деп ақылды ару Ақжүніс апамыз тап басып айтқандай, қазақтың ақманар тәнді, ақ мамық мінезді, қарлығаш қанатты қаракөз қыздары бақытты болсын! Отанымыздың гүлі, жүрегіміздің жыры, ежелгі заманда «Қыпшақ аруы кім?» дегенде: «Міне!» — деп әлем халықтарына мақтанышпен көрсеткен сұлулардың жалғасы — қадірлі қыздар, сіздердің осынау мерекелеріңіз үшін осындағы жігіттер қолындағы қымыздың бір тамшысын қалдырмай ішіп тастайды.
*** Аяулы анам менің! Мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүрегіңізден, қызуы тұла бойымызды жылытқан ыстық алақаныңыздан, «айналайын» деп маңдайымыздан емірене сүйіп еркелеткен мейірімді үніңізден артық біз үшін ешнәрсе жоқ, мама! Маматайым, езуіңізден күлкі нышаны кетпесін, тіпті көзіңізден тамған әрбір тамшы жас тек қуаныш пен шаттықтан болсын! Жүзіңізден шуақ кетпей, біздің ортамызда күліп-ойнап, шаттыққа кенеліп, бақытқа бөленіп жүре беріңіз, МАМА! Мерекеңіз құтты болсын!
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті жерге сен.
Мен өзіңді теңдессіз құдірет деп түсінем.
Сендік қуат мың есе артық
Жердің тарту күшінен!
***
Аяулы ана, сен дегенде жүрек шіркін езілмей, елжіремей тұра ма?! Осы әлемде сенен артық адам жоқ деп сенемін. Жер жақұтын алдыңа әкеліп төгіп берер ем, бірақ мен үшін сенің бір күлімдегенің мен жылы сөзің қуат алуға жетеді. Қуанышың көп болсыншы! Балаларыңның, мына біздің және немерелеріңнің қызығына тоймай жүре бер!
***
Сүйікті анашым! Мен үшін бұл өмірдегі ең жақын жан — өзіңсің! Көңіліңе ешқашан кірбің түспеуін қалаймын. Ауру-сырқау, қайғы-мұң сені айналып өтсін! Әрдайым осы қалпыңда көркем мінездің, парасаттылықтың нышаны мен символы болып тұра бер! Сен — біз үшін үлгісің! Сен сіңірген тәрбие мен парасаттылықты өз балаларыма дарытып, өмірлік ұстанымым етемін!
****
Әйел адам жас қосқан сайын қартайып келем деп мұңайса да, сенің туған күнің мен үшін — үлкен той. Себебі бұл күні менің ең жақын адамым дүние есігін ашқан. Бұл — мені өмірге әкелген жанның туған күні, онсыз мен де, мына дүние де болмас еді. Жан ана, сенсіз өмір қараңғы. Бар бол, қасымызда бол! Денің сау, басың аман болсын!
****
Анашым, сен — менің кеңесшім әрі ақылшымсың. Өмірімді сенсіз елестету — қараңғы бөлмеге шамсыз кіріп, одан шыға алмай қалумен тең. Мен барлық арман-мақсатым мен үмітімді өзіңе аманаттаймын, сен — менің алтын қорымсың. Ал сен маған қолдауың мен кеңесіңді аямайсың. Себебі сенің махаббатың — әлемдегі теңдессіз күш, сарқылмас энергия. Саған күш-қуат, денсаулық және өмірге деген құлшыныстың артуын тілеймін.
****
Асыл әжем! Менің ақылшым, данам! Сіздің айтқан ертегілеріңіз бен берген тәлімдеріңіз біздің өмірімізге азық болды. Сіздің саяңызда еркелеп, асыр салып, ештеңеден таршылық көрмей өстік. Қамқорлығыңыз бен ерекше махаббатыңыз жанымызға жылылық ұялатып, биіктерге бастап келеді. Қуаныш пен шаттығыңыз мәңгілік болсын. Қымбат немерелеріңіздің ортасында құрметке бөленіп, жүзіңіз жадырап, көңіліңіз өрлеп жүре беріңіз! Алла денсаулық пен көңіліңізге тоқтық, өміріңізге бақ-береке берсін.
****
Әжеме айтар тілегім,
Құтты болсын туған күн.
Жанымызды тербеген,
Қызықты бұл думан күн.
Ашық болсын аспаның,
Аппақ нұрың себелеп.
Әжетайым, асылым,
Жансың бізге ең керек.
Ғұмырыңыз ұзақ боп,
Жастан жасқа жетіңіз.
Әжетайым, гүл жайнап,
Асулардан өтіңіз.
Әже, бүгінгі туған күніңізбен құттықтаймыз! Ащысы мен тәттісі қатар жүретін өмірдің тек тәтті тұстарын сезіне беріңіз! Балаларыңыз аман болып, немерелеріңіздің қызығына, шөберелеріңіздің тәтті қылықтарына тоймай, жүзіңіз бал-бұл жанып жүре беріңіз, әжетай! Көзіңіздегі жас тек қуаныштан болсын! Саулығыңыз мықты болып, жүз жасаңыз! Аспаныңыз ашық, жаныңыз жаздай жайнап, көктемдей құлпыра беріңіз! Сізге бар жақсылықты тілейміз!
Аман болсын басыңыз, Ағармасын шашыңыз. Шөбере сүйіп әлі де, Жүзге жетсін жасыңыз.
Бойыңды жастай түзедің –
қылықты, сәнді қыз едің,
жаныңа, сұлу көркіңе
ұмтылып өткен жүз ерін.
Арманың шығып алдыңнан,
жарасымдарың таңғалған.
Ал бүгін алқам-салқамсың,
шыққандай батпақ-балдырдан.
Бітті ме мәні өмірдің?
Күйбеңге неге көмілдің?
Нәзіктік пенен сұлулық —
әйелдің мәні, сырымды ұқ,
жоймасын нұрын көңіл - Күн!
(1959, Фариза Оңғарсынова)
ӘЙЕЛДЕР-АЙ!!! (Мұқағали Мақатаев)
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай!
Қандайсың?!
Әдемі боп кетіпсің ғой әрқайсың.
Біреу жеріп тұрса-дағы қалмайсың,
Біреу сүйіп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйелдер-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Біле тұра бүйректерің бүлк етіп,
Кетесіңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!
...Әйелдерді еркектерден көп дейді.
Ойбай, Ойбай!..
Бола берсін көп, мейлі!
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді...
«Ана»
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.
Қуандым ба,
Өзің бар деп қуандым.
Жыладым ба,
Өзің жоқ деп жас тамды.
Бәрі де, Ана,
Бір өзіңнен басталды.
Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.
Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,
Жасқандым ба,
Тек өзіңнен жасқандым.
Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,
Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,
Отанымның өзі сенен басталып.
Жауларыма жеткен жерден бітеді
Тұманбай Молдағалиев – «Ана»
Құлайын деп бара жатам құлдырап,
Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,
Сол кезде бір ән естимін жақыннан,
Аққан бұлақ секілденген сылдырап.
Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,
Тіршіліктің әуенімен тыныстап,
Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,
Кел дегендей болады бір күміс бақ..
Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,
Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,
Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,
Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.
Ойнап шығам содан кейін құрақтай,
Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,
Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,
Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.
****
Мағжан Жұмабаев - “Ана”
Үйдің іші ұйқыда,
Түн ортасы шамасы.
Көзін алмай бесіктен,
Бөбек жатыр албырап.
Бесікте бөбек ауру,
Тербетіп отыр анасы.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн,
Жел азынап тұр есіктен.
Шөкиіп ана отыр,
Жүрегіне біреу біз
Сұғып алып кеткендей.
Үнсіз, меңіреу ұзын түн
Шөккен қара бір нардай.
Сарғайып, ана сарылып,
Демігіп, қызып, қысылып,
Ауық-ауық, селк етед,
Әлденеден шошьшып.
Селк етсе бөбек, ананың
Өзіне ажал жеткендей.
Шөкиіп отыр дем алмай…
Таң алдында қара бұлт
Күңіреніп көкті жабады.
Бөбегінің бетіне
Ананың жасы тамады.