3 сәуір күні Теміртау қаласында Қарағанды облысы полиция департаменті бастығы Негмет Исмағұловтың халықпен есептік кездесуі өтті. Кездесу барысында өңірдің қауіпсіздігіне үлес қосқан белсенді азаматтар марапатталды, деп жазады Alash.KZ.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға ерекше назар аударылып келеді. Осы бағытта жасөспірімдермен және әлеуметтік жағдайы қиын отбасылармен кешенді жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, балалардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрмеуін бақылау шаралары да күшейтілген.
Кездесу барысында ведомство басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол өңір тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіріп, ерекше көзге түскен азаматтарды марапаттады.
Солардың бірі – Абай қаласының еріктісі Әділжан Дәуренбеков. Ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі символикасы бейнеленген қолсағатпен және алғыс хатпен марапатталды.
Ерікті кеше жоғалып кеткен 13 жастағы баланы іздеу жұмыстарына белсенді қатысқан. Нәтижесінде жасөспірімді далада тауып, аман-есен табуға ықпал еткен.
«Біздің басты мақсатымыз – Қарағанды облысының әрбір тұрғыны өзін қауіпсіз сезінуі», – деді Негмет Исмагулов.