Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апат: Министрлік шұғыл мәлімдеме жасады

11:09, 04 сәуір 2026

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматының әл-Фараби даңғылындағы үш адамның өмірін қиған қайғылы жол апатына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz

Министр бұл оқиғадан кейін қалалық полиция департаментінде бірқатар кадрлық өзгерістер жасап, кінәлілердің жауапкершіліктен қашып құтылмайтынын қадап айтты. Қазіргі таңда қала көшелеріндегі қауіпсіздікті нығайту үшін қосымша күштер жұмылдырылып, жаппай тексерістер жүріп жатыр.

Министрдің мәліметінше, апат кезінде мас күйде болған Zeekr автокөлігінің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Осы оқиғаға байланысты қызметінде немқұрайлылық танытқан Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары мен әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары лауазымдарынан аластатылды.

Ержан Сәденов тәртіпті күшейту мақсатында: «Ешкім де мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен жалтара алмайды», — деді.

Қаладағы жағдайды бақылауға алу үшін өзге өңірлерден арнайы полиция жасақтары шақыртылды. Тек алғашқы күндері жүргізілген рейдтер барысында 4,8 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелген. Олардың арасында мас күйінде көлік айдау, қарсы бетке шығу және жалған нөмір тағу сияқты өрескел фактілер анықталып, 2 мыңнан астам техника айыппұл тұрағына жеткізілді.

Еске сала кетейік, 21 наурыз түні жоғары жылдамдықпен келе жатқан Zeekr көлігі Mercedes-пен соқтығысып, салдарынан үш жас азамат оқиға орнында қаза тапқан болатын. Осы шулы іске қатысты әлеуметтік желіде сыни пікір білдіріп, түнгі жарыстарға тәртіп сақшыларының қатысы болуы мүмкін деп мәлімдеген заңгер Әділетхан Молдаханның да ұсталғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жан-жақты жүргізіліп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар

ХҚКО-лар жабыла ма?

21:02, 03 сәуір 2026