Қытайлық блогер Тао Минсю Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Марапатты блогерге Қазақстан Республикасының вице-премьері – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.
Бұл жоғары мемлекеттік награда Тао Минсюның Қазақстанды Қытай медиасында кеңінен насихаттаудағы еңбегі үшін берілді. Ол елдің мәдени мұрасын, табиғи көрікті жерлерін және туристік әлеуетін таныстырып, екі мемлекет арасындағы достық пен гуманитарлық байланысты нығайтуға үлес қосқан.
«II дәрежелі “Достық” ордені – бұл жоғары мемлекеттік марапат. Сіздің еңбегіңіздің арқасында миллиондаған адам Қазақстанды, оның мәдени мұрасын, әсем табиғатын және туристік әлеуетін таныды», – деді Аида Балаева.
Тао Минсю (Тао Тао) Қазақстанға алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде медиа-инфлюенсер ретінде келген. Содан бері ол Астана, Алматы, Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Маңғыстау облысы өңірлерін аралап, 100-ден астам материал жариялап, жалпы саны 1 миллиардтан астам қаралым жинаған.
2025 жылғы мамырда оған «Қазақстан туризм елшісі» мәртебесі берілді. Блогер соңғы сапарында Алматы – Ақтау – Түркістан бағыты бойынша саяхат жасап, Амал мерекесі мен Наурыз мерекелеріне қатысқан.