Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"40 күн бойы 50 градусқа дейін ыстық болады": синоптиктер WhatsApp-та тараған ақпаратқа пікір білдірді

12:54, 04 маусым 2024 800

Ауа температурасы Цельсий бойынша 50 градусқа дейін көтеріледі. Ғалымдардың айтуынша, мұндай құбылыс 60 жылда бір рет болады екен. Бұл жалған, деп жазады Alash.kz сайты stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Ауа температурасының рекордтық көрсеткішке дейін көтерілуі туралы фейк бұрыннан бар. Біздің сайт былтыр маусым айында тараған осы сияқты ақпарат туралы жазған болатын.

"Қазгидромет" РМК биыл тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

"Маусымдық болжамдар консультативтік болып табылады. Олар қысқа мерзімді болжамдармен нақтыланып отырады. "Қазгидромет" бір тәулікке, 3 күнге және бір аптаға болжам жасайды. Айлық болжамдардың тек 70% ғана орындалады.

Қазақстанда қуаң дала аймақтар бар. Атап айтқанда, Түркістан облысы. Бұл өңірде жазда ауа температурасының 40 градусқа дейін көтерілуі қалыпты жағдай.

Әлемнің бірде-бір елінде синоптиктер тұтас бір маусымға болжам жасамайды. Олар жорамалдап айтады. Дамыған елдерде болжам бір күнге, 3 күнге және бір аптаға жасалады. Есесіне, апталық болжамдар да нақтыланады. Болжам ұзақ мерзімге жасалса, ол нақты жағдайға сәйкес болмайды.

Интернетте жарияланған ақпаратқа емес, тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіз.

Алдағы жазға арналған консультативтік болжаммен біздің ресми порталымызда таныса аласыздар", – деп хабарлады inbusiness.kz сайты "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметіне сілтеп.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар