Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

27 қыркүйек - Әлихан Бөкейхан атылған қаралы күн. Қарағанды жастары Алаш арысының рухына құран бағыштап, ас берді

19:00, 27 қыркүйек 2025 131

27 қыркүйек - Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бабамыз атылған қаралы күн. Алаш рухын ұлықтаған Қарағанды жастарының бастамасымен Алаш қайраткерінің туған жері - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Жекежал қыстағында «Әлихан рухына тағзым» атты еске алу шарасы өтті, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.

Қарағанды жастары Ақтоғай ауданында Әлихан Бөкейхан бабамыздың рухына құран бағыштап, құрбан шалып, ас берді.

Еске алу шарасына «Әлиханның шырақшысы» атанған әлихантанушы, дала академигі, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі Зарина Әшірбек, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Кәріғұлұлы, Сарытерек ауылдық округінің әкімі Қанат Рахметоллаұлы, Алаш мұрасын танып-білуге құштар Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің «Үкілі үміт» жастар клубының жастары, Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тарихи-өлкетану үйірмесінің жастары, Ақтоғай аудандық Әлихан Бөкейхан тірек мектебінің “Әлихантанушылар” клубының оқушылары, Ақтоғай аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары, Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.

Тағылымы мол іс-шара Ақтоғай аудандық мешітінде басталды. «Ақсораң» орталық мешітінің бас имамы Еркін Әуелбекұлы Алаш қайраткерінің рухына арнап Құран бағыштады. Қарағанды жастары бас имамға аудандық мешітте Әлихан Нұрмұхамедұлының рухына арнап Хатым Құран түсіруді өтініп, аманаттап тапсырды. Имам жастардың өтінішін қабыл алып, Құранды түгел оқып шығып, Хатым Құранды түсіруді өз міндетіне алды.

Одан кейін қатысушылар Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектебіне барып, мектеп оқушыларымен бірге Ұлт көсемінің бюстіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым етті. 

Рухани шараның негізгі бөлігі Талдыбейіт қорымында жалғасты. Әлихан Бөкейханның ата-анасы, туған-туыстары жерленген Талдыбейіт қорымының басында Алаш арысының рухына Құран оқылып, құрбан шалынып, ас берілді. 

Әлиханның шырақшысы атанған белгілі әлихантанушы, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан жастарды Алаш ардақтысының туған жерімен таныстырып, Талдыбейіт қорымы туралы тебірене әңгімелеп, тың деректерді бөлісті.

Еске алу шарасының ұйымдастырушысы Зарина Әшірбек іс-шараның маңыздылығына тоқталып, болашақта Алаш қайраткерінің соңғы демі үзілген 27 қыркүйек Аза тұту күні болып жарияланса деген ойын ортаға салды.

«1937 жылы 27 қыркүйекте Алаш ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшысы, Алашорда ұлттық автономиясының тұңғыш төрағасы, тәуелсіздік күрескері, сталиндік террор құрбаны - Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханға кеңес үкіметі тарапынан «халық жауы» деген жалған айып тағылып, Мәскеудегі Бутырка түрмесінде ату жазасына кесілді. Алаш арысына қатысты сот үкімі сол күні орындалып, мәйіті өртеліп, күлі Дон зиратына көмілді. «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», - деп азаттықтың ақ таңын армандап кеткен Әлихан Бөкейхан бабамызға туған жерден бір уыс топырақ бұйырмай, жырақта атылды. Сүйегі күл болған Ұлт көсемінің жаназасы шығарылмай, мәйіті жерленбей қалды. Күні бүгінге дейін бұл қаралы датаға мән бермей келдік. Халқымыздың азаттығы мен еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейхан бабамыздың рухына тағзым ету – перзенттік парызымыз. Алашты іздеуші жастар барда, Алаш рухы ешқашан өшпейді. Рухани шарасының мақсаты – Азаттық жолында құрбан болған бабамызды еске алып, рухына тағзым ету. Өнегелі бастама арқылы бұл қаралы күнді жалпыұлттық деңгейге көтеріп, Аза тұту күніне айналдыруға бастамашы болу. Жас қабілет иелерін Алаш арысының азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымымен таныстыру»- деп түсіндірді Зарина Әшірбек.

Ары қарай  іс-шара бағдарламасына сәйкес Қарағанды жастары Алаш арысының кіндік қаны тамған қасиетті мекен - Ақтоғай өңірінің тарихымен танысып, Жекежал қыстағының орнын көрді. «Әлиханның шырақшысы» атанған дала академигі, белгілі өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанмен бірге «Хан тағы» аталған қасиетті қара тасқа шығып, Әлихан Бөкейханның туған жерінде қола дәуірінен сақталған петроглифтер әлеміне саяхат жасады.

Іс-шара соңында қатысушылар «Әлихан Бөкейхан: Аңыз адам» атты дала конференциясына қатысып, кітап көрмесін тамашалап,Әлихан Бөкейханның бай мұрасынан ой түйіп, Ұлт көсемі жайлы тың деректерге қанық болып, рухтанып қайтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар