Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жаңаөзен мен Бейнеуде ереуілдеген жұмысшылар жаңа видеоүндеу жариялады

19:08, 14 ақпан 2022 360
[ad_1]



Жаңаөзендегі әкімдік алдында ақпанның 1-нен бері жұмыс талап етіп тұрған қала тұрғындары бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының басқарма бастығы Алик Айдарбаевқа, Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа тағы видеоүндеу жолдады. Бұл жолы олар мұнай-газ саласына жұмысқа алуға жарияланған мораторий күшін жоюды талап етті.


Наразылар өкілі мәлімдемені дауыстап оқып береді:


- 2022 жылдан бастап мораторий жойылсын! "Өзенмұнайгаз" штаты кеңейтіліп, оған қызмет көрсететін компанияларға жұмыссыздар жұмысқа алынсын! Мұнай-газ өндіретін жаңа жұмыс орындары ашылсын. Біз, Жаңаөзен қаласының жұмыссыз халқы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтан осы өңірге келіп мәселемізді тезірек шешіп беруін талап етеміз!


Осыдан соң жиналған жұрт "Талап етеміз!" деп қосыла айқалайды.


Дүйсенбіде "Өзенмұнайгаз" компаниясына қызмет көрсететін FTC WIN мекемесінің жұмысшылары да жұмысын тоқтататынын хабарлаған видеоны әлеуметтік желіде жариялады.


- Арамызда аз қамтылған отбасылы азаматтар, көп балалы аналар бар. Нарықтағы бағаның өсуіне байланысты отбасын асырау қиынға соғып барады. Біздің талаптарымыз орындалмауына байланысты жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз. Бізді болашағы бар мунай-газ саласына штатқа өткізуді талап етеміз! - дейді видеода жиналған наразы жұмысшылардың бірі.


Бұл күні Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы ветеринарлық станция қызметкеріміз деген бір топ адам жалақыны көтеруді талап етіп, айтқаны орындалмаса, 1 наурыздан жұмысты тоқтатынын мәлімдеді. Олардың да үндеуі әлеуметтік желіде тарады. Ветеринарлар үндеуін президенттен бөлек, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевке де арнаған. Олардың айтуынша, еңбек өтілі 15-40 жыл арасындағы жоғары санатты дәрігер болғанына қарамастан, айлық жалақылары 50-70 мың теңгеден (112-162 доллар) аспайтынын айтады.


Олар жалақыны 68 пайызға көтеріп, зияндылық үшін төленуі тиіс 12 пайыз жэне ветеринария саласына қосылған 23 пайыз үстемақыны төлеуді талап етеді.


Наразы ветринарлардың айтуынша, Қазақстанның ауылшаруашылық министрі Ербол Қарашүкеев 3-9 ақпанда Маңғыстауды аралағанымен, ветеринарлық станцияларға соқпаған.


Азаттық Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және FTC WIN компаниясына хабарласып, комментарий ала алмады.


Жаңаөзенде қазір еңбек жағдайын жақсартып, еңбекақыны көтеруді талап етіп тағы бірнеше компания ереуілдеп тұр. "Бұрғылау" ЖШС, "Теміртас" ЖШС, "РКЦУ-Ақтау" ЖШС жұмысты тоқтатып, ереуілдеп тұрғандарына аптаға жақын уақыт болды.


Жаңаөзендегі жұмыссыздар талабын орындау үшін жергілікті билік 161 жұмыс орнын ұсынып, наурыз айынан бастап тағы да 400 жұмыс орынын ашуға уәде берген. Билік ұсынған жұмыс орындарына кейбір қала тұрғындары орналасқан.


Ақпаннан бері Маңғыстауда ереуіл көбейді. Олардың кейбірі наразылықтан соң талаптарына қол жеткізді.








[ad_2]

Дереккөз
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар