Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты негізгі сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Alash.kz.
Tengrinews.kz мәліметінше, Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалды мен оның бұрынғы жүргізушісі Мәди Батыршаевқа қатысты сот талқылауы басталды деп жазды Dalanews.kz.
Олар кәсіпкерді бопсалап, заңсыз бас бостандығынан айырды деп айыпталып отыр. Процесте төрағалық етуші судья - Мартпек Кәкімжанов.
Сатыбалды Астанадағы мекемеден Алматыға жеткізілген, оған қоса ол екінші айыпталушымен бірге процеске қатысады. Сондай-ақ, залда жәбірленуші кәсіпкер Жүнісов пен оның екі ағасы бар.
Бұған дейін Алматының қылмыстық істер жөніндегі сотында Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Соттың алдын ала тыңдауы кезінде Гүлмира Сатыбалды алқабилер сотынан бас тартты.
Сотталушы орындығында Гүлмира Сатыбалдымен қоса, оның жүргізушісі Мәди Батыршаев та болды. Сот отырысы онлайн режимде өтті, ал айыпталушылар Астананың тергеу изоляторында болды. Артынша олар Алматыға жеткізілетіні белгілі болды.
Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 126-бабы "Заңсыз бас бостандығынан айыру" бойынша айыппен қоса, аса ауыр қылмыс жасады деген айып тағылды: Қылмыстық кодекстің 194-бабының 3-бөлігі "Ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында жасалған қорқытып алушылық". Бұл бап аса ауыр болып есептеледі және ол бойынша айыпталушы алқабилердің қатысуымен сот өткізуді сұрауына құқылы.
Бұған дейін Гүлмира Сатыбалды мен оның қарамағындағыларға тағы бір іс бойынша үкім шыққан еді. Ол адам ұрлағаны мен озбырлық жасағаны үшін кінәлі деп танылған.