Ташкент қаласында информатикадан халықаралық IOI 2026 олимпиадасы аяқталды. Биылғы додаға әлемнің 92 елінен 375 оқушы қатысты, деп жазды Alash.kz.
Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдеге ие болып, ел қоржынына 1 алтын және 3 күміс медаль салды. Нәтижесінде Қазақстан әлемдік командалық есепте 10-орынға тұрақтады. Бұл – ұлттық құраманың олимпиада тарихындағы үздік нәтижелерінің бірі.
Ең жоғары нәтижені Астана қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Максим Цой көрсетті. Ол алтын медаль жеңіп алып, жеке есепте 5-орынға ие болды. Осы нәтижесімен қазақстандық оқушы әлемдегі үздік бес жас бағдарламашының қатарына енді.
Қазақстанның күміс жүлдегерлері:
- Алдияр Сейтбай – Астанадағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
- Мансур Мамадахунов – Қызылорда облысындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
- Асқар Әкежан – Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманы Astana IT University бас жаттықтырушысы Темірлан Сатылханов пен International University of Information Technology синьор-лекторы Айбар Қуанышбай бастап барды.
Өткен жылы қазақстандық оқушылар IOI-2025 олимпиадасында 3 күміс және 1 қола медаль алып, командалық есепте 14-орынға тұрақтаған еді. Биыл Қазақстан құрамасы бұл көрсеткішін төрт сатыға жақсартты.
Қазақстан оқушылары информатикадан халықаралық олимпиадаға қатысқан жылдар ішінде жалпы 79 медаль жеңіп алған.