Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тұрақты жұмыс орны – халықтың әл-ауқатын арттырады

10:45, 17 қазан 2022 218
Елімізде «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы әзірленіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаев мақұлдап қол қойып, жобаның іске қосылғанына  тура бір жыл толды. Былтыр яғни 2021 жылдың күзінде  Ұлттық экономика министрлігі еліміздің басқа да мемлекеттік органдарымен тізе қоса отырып,  осы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасын әзірлеп қолданысқа енгізген еді. 2025 жылда дейін жүзеге асырылатын ұлттық жоба өзінің бағытын айқындап, жүзеге асыру тетігі іске қосылса, ең алдымен елімізде 100 мыңнан астам адамға тұрақты жұмыс орны ашылады.  Бұл дегеніңіз елімізде жұмысқа жарамды азаматтардың еңбек өнімділігі 20 пайызға артады деген сөз.  Қазақстанда өндірілетін тауарлардың көлемі 1,5 есеге артып,  шикізаттық емес  тауарлардың көлемі 41 миллиард долларға жетеді деп көзделіп отыр.

Енді осы ұлттық жобаның бірнеше бағытын тарқатып көрелік. Ең алдымен  ұлттық жобаның басымдығы шикізаттық емес секторға беріліп отыр. Яғни бірінші бағыт бойынша  инвестиция тартуды ұлғайтып, істі жеделдету.  Жаһандық экономиканың  бәсекелестігіне төтеп беру  бағытында ұлттық экономиканы әртараптандыру маңызды болмақ.  Екінші бағыт жоғары өнімділікпен жұмыс орындарын ашып, елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету. Үшінші бағыт  төмен көміртекті дамытуды қолға ала отырып,  жылу электр көзінің негізінде эенергия өндіру ісін жолға қою.  Түптеп келгенде қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, тұрымысын түзеуге арналған аталған ұлттық жобаның арқалар жүгі де, аманаты да ауыр. Әл-ауқат деген сөздің мағынасының өзі тұрмыс дегенмен синонимдес. Соған қарап-ақ бұл ұлттық жобаның негізгі миссиясы  халықтың тұрмысын жақсарту екеніне көз жеткіземіз. Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей қоғамда елдің жағдайы жақсарса, ең алдымен мемлекеттің әлеуеті артып, қауқары нығаяды, экномикалық қуаттылығы күшейеді.

Ұлттық жобаның негізгі саласы тұрақты жұмыс орындарын ашып, халықтың жұмыссыздығын азату бағыты болғандықтан бұл мәселе Алматы қаласын да айналып өтпейді. Олай болатыны еліміздегі әрбір бесінші жұмыссыз адам Алматы қаласында жүр деген де статистикалық дерек айтылды бір кездері.  Жұмыссыздықпен күресте оңтүстік мегаполиске салмақтың түсуі де  қалыпты жайт. Себебі еліміздегі қалалардың ішінде халық саны екі миллионнан асатын жалғыз қала – Алматы шаһары.

Сарапшы мамандар былтырғы жылдың үшінші тоқсанындағы көрсеткіш бойынша елімізде  жастардың жұмыссыздық деңгейі бойынша көрсеткішін көлднең тартып, мәліметті жариялады. Көш басында   жұмысыздық деңгейі бойынша Алматы қаласы  мен Түркістан облысы тұр.  Зерттеуші мамандардың дерегі бойынша ауылдық жерлерге қарағанда қаладағы жастардың жұмыссыздық көрсеткіші жоғары. Олай болатыны ауылда екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың қалаға қарай күнкөріс қамымымен үдере көшуі әлі де бел алып тұр. Ауылдан қалаға келген жастардың  барлығына бірдей дайын тұрған  жұмыс орны және жоқ. Көбінесе күнделікті нан-суына жететін қаражатты әзер табатын жалдамалы жұмысты атқаруға мәжбүр жастар.  Биылғы жылдың басынан бері қарай ел үкіметі жастар арасындағы жұмыссыздықтың түйткілін дер уақытында  тарқатып,  мәселені ұлғайтпауға бар күшін салып түрлі бағдарламалар да әзірленді. Мысалы «Жастар тәжірибесі» және  «Бірінші жұмыс» секілді жобалар іске қосылып,  жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне қуаты жеткенше аталған бағдарламалар үлесін қосып жатыр.  29 жасқа дейінгі жастарды қамтитын «жастар тәжірибесі» бойынша жарты жылға дейін 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы алып жұмыс істесе, «Бірінші жұмыс орны бойынша» екі жылға дейін  жұмыс істеп жалақы алады.

Алматы қаласының жастары арасындағы жұмыссыздық деңгейінің көш басына шығып, басқа қалалардан  жоғары тұруын шешу жолында  әлі де көп жұмыс атқару қажеттігін  айқындап отыр.  Жалпы жастар жұмыс іздеп сенделгенде қайда барады, кімнен кеңес алып, ақыл сұрайды? Бұл сауалдарға жуырда Өңірлік  коммуникациялар қызметінде  журналистер сауалына жауап беріп, брифинг өткізген Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры  Сағындық Кенжебаев егжей-тегжейлі айтқан болатын.  Қаланың бас жұмыс берушісі  электрондық еңбек биржасында 4300-ден астам  жұмыс орны бос тұр, яғни жұмыс берушілерден осында адамға тұрақты жұмысқа ұсыныс түскен. Биылғы жылы   қала бойынша 25 221 адамды жұмыспен қамтып, олардың арасында 13 мыңнан астамы тұрақты жұмыс көзін тапқан. Ал қалған 11 878 адам уақытша маусымдық жұмысқа орналасыпты. Бұл да болса, тәп-тәуір көрсеткіш. Жұмыспен қамту орталығының директоры  С.Кенжебаев: «Жұмыссыз жастардың уақытын үнемудеуі үшін әрі ары-бері сандалмауын ойлап, бірнеше жылдан бері қызмет көсретуді электронды жүйеге көшірдік.  Бүгінгі күнде қызмет түрінің барлығы онлайн көрсетіледі. Яғни  тұрақты не болмаса уақытша жұмыс орнын іздеуші жастар   жұмыссыз ретінде тіркелуден бастап жұмысқа орналасқанға дейінгі процестердің барлығын онлайн  өткізеді.  Қандай бос жұмыс орындары бар,  жұмыссыздыққа тіркеу қашан басталады, есеп-қисабы қалай беріледі  барлығы да порталымызда тұр» дейді.  Келесі жылға жұмыс орындарын субсидиялауға  қатысты жұмыс берушілер тапсырысты 3 қазаннан бастап айдың соңына дейін өткізе алады.  Жұмысқа орналастыру кезінде азаматтардың әлеуметтік статусына баса мән беріледі. Олардың ішінде мүгедектер ең алдымен,  пробация және бас бостандығынан айыру бойынша есепте тұрғандар, жетім балаларға жұмыс тауып беруге алабөтен көңіл бөлінеді. Алматы  әкімдігінің бас болуымен қалалық  жұмыспен қамту орталығы  халық көп шоғырланған жерлер: базарларда, арбатта, басқа да қоғамдық орындарда  бос жұмыс орындарын таныстыратын жәрмеңке ұйымдастырып,  жұмыссыз жүргендерді құлағдар етіп келеді. Алда жалпы қалалық үлкен жәрмеңке өтпек. Нақтырақ айтқанда 19 қазанда Арбатта өтіп, оған қаладағы 150-ден астам кәсіпорын өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынады.  Биылғы жылдан бері қарай осындай  жәрмеңке 28 мәрте өткізіліп, оған  сегіз мыңнан астам адам қатысса, соның ішінде бір мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасқан.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2022 жылы Алматыда 52,2 мың жұмыс орны құрылатынын  және оның 70 пайызы тұрақты жұмыс орны болатынын айтқан. Дәл осы қарқында жұмыс жүйелі жүрсе, Алматыда жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай азайып,  екі қолға бір күрек тапқан азаматтардың  тұрмысы түзелетін болса, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» де жақсара түсері сөзсіз.

Қуан Көшек

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар