Әлеуметтік желіде ұлтараздық алауыздық тудырып, қазақтардың ар-намысына тиетін жазба қалдырған Қарағанды тұрғыны Алика Мухамадиеваға қатысты сот үкімі шықты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Сот Алика Мұхамадиеваны 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда үкімнің орындалуы кейінге қалдырылды, себебі сотталғанның екі жасар баласы бар.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты Алика Мұхамадиеваны ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі бойынша — «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабымен кінәлі деп таныды.
“Бүгін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған айыптау үкімін шығарды.
Осы үкіммен оған Қылмыстық кодекстің 74-бабының тәртібінде жазаны орындауды кейінге қалдыру шарасы тағайындалды.
Кейінге қалдыруды қолдануға оның 2 жасар баласының болуы негіз болды”,- делінген Қарағанды облыстық прокуратурасы таратқан ресми хабарламада.
Сотта атап өтілгендей, мұндай шара 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап күшіне енген заңнамалық өзгерістерден кейін міндетті нормаға айналды. Енді кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге, егер жаза мерзімі бес жылдан аспаса және қылмыс ауыр санатқа жатпаса, үкімнің орындалуы кейінге қалдырылады.
Естеріңізге сала кетейік, Алика Мухамедиева өзінің Threads парақшасында жариялаған жазбада «Қазақстан немен танымал?» деген сауалға «мамбетами» деп жауап беріп, қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді «полукалбитский диалог» деп келемеждеген.