Қарағанды қаласында жасөспірімдің кіші жастағы баланы суық қарумен қорқыту оқиғасына байланысты полиция қызметкерлері арнайы тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жергілікті тұрғынның айтуынша, 12 жасар мектеп оқушысы оның 8 жасар ұлын өлтірмек болып, соңынан пышақпен жүгірген. Қауіпті сәтке баланың әпкесі куә болып, ересектердің көмегімен жасөспірімді дер кезінде тоқтатып, қаруын тартып алған. Аймақтық полиция департаменті аталған фактіні растап, заңды өкілдердің қатысуымен профилактикалық шаралар ұйымдастырылғанын хабарлады.
Жәбірленуші баланың анасы басында ұлының айтқан шағымдарына аса қатты мән бермегенін жеткізді. Жағдайдың тым күрделі екенін тек үлкен қызы оқиға үстінен түскенде ғана түсінген. Күйінген ана желідегі жазбасында болған жайтты былай деп сипаттайды:
«Бұл бала менің ұлымның соңынан жүгіріп, өлтіремін деп қорқытқан. Құдайға шүкір, қасында әпкесі болды, біз оны ұстап алдық. Ол қолында пышақпен жүгірген, біз оны тартып алдық».
Алайда тұрғын оқиға орнына шақыртумен келген тәртіп сақшыларының алғашқы әрекетіне көңілі толмайтынын жасырмады. Тәртіп сақшыларының салғырттығына ашуланған ана өз наразылығын білдірді:
«Бізге арыз жазғанмен ештеңе өндіре алмайсыздар деді. Сонда біреуді өлтіріп кеткенін күтуіміз керек пе?»
Қазіргі уақытта зардап шеккен бала қатты шошынып қалғандықтан, көшеге шығудан бас тартып отыр. Қарағанды облыстық полиция департаменті бұл оқиғадан кейін кәмелетке толмаған жасөспірім мен оның ата-анасы бөлімшеге жеткізілгенін нақтылады. Олармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы психолог маман бекітілген. Ресми мәліметке сәйкес, кездесуден кейін еки тараптың ата-аналары бір-біріне ешқандай шағым түсірмеген және өзара келісімге келген. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары ересектерге балалардың мінез-құлқы мен агрессиялық белгілеріне үнемі бақылау жасап отыруды ескертті.