Танымал тележүргізуші Динара Сәтжанның ресми арызынан кейін Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаменті көпшілікке сынықшы ретінде танымал Бағдагүл Лепесованың қаржылық аударымдары мен кірістерін тексеруге кірісті, деп хабарлайды Alash.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желіде отандық шоу-бизнес жұлдыздарын қаралап, даулы мәлімдемелер жасаған емшінің үстінен Баян Мақсатқызы да заңгерлері арқылы сотқа шағым түсіруге дайындалып жатқанын хабарлады. Құзырлы орган өкілдері емшінің кәсіпкерлік қызметінің заңдылығын бақылауға алғанын растаса, халық емшісі өзінің ешқандай заң бұзбағанын айтып ақталуда.
Желідегі тікелей эфирлердің бірінде тележүргізуші Динара Сәтжанға ашық айбат шегіп, дөрекі сөздер айтқан Бағдагүл Лепесова өз мәлімдемесінде былай деді:
«Мен саған көрсетемін! Менің кім екенімді білмей жүр екенсің! Менімен көп ойнама, сен, Динара Сәтжан. «Чайка», Қазақстандағы нөмірі бірінші. Мәә, «деловая колбаска», өз тілдерінде. Сен соншама кімсің, мені ауруға теңейтін?! Менімен бірге шық! Осы сөзіме жауап бер!»
Мұндай балағат пен қорлықтан соң тыныш отыра алмаған Динара Сәтжан тиісті органдарға сұрау жолдап, желідегі ақылы қызметтің заңдылығын тексеруді талап етті:
«Ақтөбеде TikTok-та, Инстаграмда ақшаға бата беретін бір «емші» тұрады екен. Маған оның қаншалықты заңды жұмыс істейтіні қызық. Осыған байланысты Ақтөбе облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментіне (ДЭР) сұрау жолдаймын. Ақылы батаның ақшасы қайда түседі? Банк қосымшасына ма? Әлде күйеуі мен ұлының шоттарына ма? Ол салық төлей ме? Адам емдеуге лицензиясы бар ма? Батасы заңды патенттелген бе? «Киелі заттар» дегені не? Оның патенті бар ма? Желідегі бизнестердің БАД-тарын халыққа ем үстінде сатуға құқығы бар ма? Бұл заңды ма?»
Экономикалық тергеу қызметінің бұл әрекетіне байланысты емші Бағдагүл Лепесова өзінің таза жұмыс істейтінін алға тартып, былай деп жауап қайтарды:
«Біреудің есебін тексергенді көрсетейін. Есеп беру деген бар ғой, Құдайға шүкір. Оған қорықпай-ақ қойыңдар. Мен біреуді алдасам, бұлар мені баяғыда аямайды. Өздерің бердіңдер ғой, талай. Жемқор болмағаным үшін осындай жағдайға түсірдіңдер ме? Қаншама жемқорлар жүр ғой, қастарыңда, күшті болса».
Бұл даудан танымал продюсер Баян Мақсатқызы да шет қалған жоқ. Ол да өзінің желідегі парақшасында емшінің үстінен заң аясында шағым түсіретінін қатаң ескертті:
«Ұзақ уақыт бойы ол тікелей эфирлерде мені, Динара Сәтжан мен басқа да адамдарды қорлап келеді. Мен, Динара және басқа адамдар туралы жалған ақпарат таратып жүр, менің жобаларыма мемлекеттен ақша алады деп мәлімдейді. Бұл — өтірік. Бұл — Заңның бірден бірнеше бабын бұзу. Қазір бұл мәселемен менің заңгерлерім айналысып жатыр. Мен өзімді қорлауға жол бермеймін және өзім туралы жалған ақпарат таратуға да жол бермеймін. Егер біреулер осылайша өзіне трафик жинамақ болса, сот күтіп тұрғанын біліп қойыңыздар».
Динара Сәтжан мен Баян Мақсатқызының бұл мәлімдемелеріне қарамастан, жергілікті полиция департаменті әзірге олардан қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ресми арыз-шағым түспегенін хабарлады. Қазіргі уақытта тек ДЭР тарапынан қаржылық тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.