Украинаның барлау қызметі Мәскеу облысында орналасқан “Кольцевой” мұнай өнімдері құбырына диверсия жасағанын хабарлады. Арнайы операцияның видеосы ресми түрде жарияланып, онда жарылғыш заттың құбырға орнатылып, жарылған сәті көрініс тапқан, деп жазады Alash.kz.
Ресей БАҚ-тарының мәліметінше, жарылыс Мәскеу облысының Рамен ауданында болған. Бұл нысан Ресей армиясын жанармаймен қамтамасыз ететін ең маңызды инфрақұрылымдардың бірі саналған. Жарылыстан кейін бензин, дизель және авиаотын тасымалдайтын үш негізгі желі істен шықты.
“Кольцевой” мұнай өнімдері құбырының жалпы ұзындығы шамамен 400 шақырымды құрайды. Ол арқылы жанармай Рязань, Нижний Новгород және Мәскеу мұнай өңдеу зауыттарынан жеткізіліп келген. Нысанның жылдық өткізу қуаты - 3 миллион тонна авиаотын, 2,8 миллион тонна дизель және 1,6 миллион тонна бензин шамасында.
Мәскеу билігі оқиғаға қатысты ресми түсініктеме бермеді. Ал Украина тарапы бұл операцияның “Ресейдің әскери логистикасына бағытталған соққы” екенін мәлімдеді.