Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Сұлтанмахмұт өте саналы болушы еді. Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітапты көп оқиды екен» - Мұхтар Әуезов естелігінен

23:57, 24 шілде 2024 563

Сұлтанмахмұт 1916 жылы Қатонқарағай жағынан қайтыл, Томскіге оқуға кетерде біраз уақыт Семейде тұрды. Осы орайда Семейде қазақ оқығандарының бір жиналысы болып, онда июнь жарлығы туралы мәселе қаралды. Жиналыстан кейін Алашорда басшыларының бірі болған Халел Ғаббасов «Қазақ» газеті сілтеген бағыт бойынша:

— Патшаның жарлығына қарсы болмау керек, майданға жігіт беру керек, — деді.

Сұлтанмахмұт шығып, Халелге қарсы сөйледі:

— Майданға жігіт бермеу керек. Ел көтерілгелі отыр, сендер кейін тартпаңдар, — деді.

Сонда Халел Сұлтанмахмұтқа қатты кейіді, ұрсып тастады.

Сұлтанмахмұт тұрып:

— Сен сияқты сарала түйме таққан төренің Қазақ елін алғаш сатқаны бұл емес. Бұрынғыны аз деп, сен тағы сатқалы отырсың ғой! — деді.

* * *

1917 жылы февраль революциясынан кейін Семейде алашордашылардың бір үлкен жиналысы болды. Жиналыс ақырында түрлі мәселелер жөнінде секциялар құрылды. Біз, Сұлтанмахмұт бастаған біраз жастар оқу-ағарту, әйел теңдігі мәселелерін қарайтын секцияға ендік. Секцияның жиналысы жаңа басталған кезде, үйге Семейдің үлкен ғұлама-ишандарын ертіп қаланың саудагер байлары кіріп келді. Жиналыс бастығы:

— Бұл не? Сіздерге не керек? — дегенде, ғұлама ишандарды бастап келген бір кісі:

— Әйел мәселесі қаралады дегенге келдік. Бұл мәселе шариғат жолымен шешілуге тиіс. Мына ишандарды сол үшін әдейі ертіп келдік, — деді.

Жиналыс бастығы соған тоқырап, көнгендей болып еді, Сұлтанмахмұт орнынан ұшып тұрып:

— Жоқ, бұларды жиналысқа қатыстыруға болмайды. Бұған кейін қазақ тарихында ең зиянды элемент болып келгендер осылар. Жиналысқа бұлар қатысатын болса, біз — жастар қатыспаймыз, — деді.

Осыдан кейін байлар мен ишандар үйден шыға жөнелді. Жиналыс басшылары Сұлтанмахмұттың бұл қылығын жақтырмай қалды.

* * *

Сол 1917 жылы қыстыгүні Сұлтанмахмұттың ауыруы тіпті күшейіп кетті. Дәрігерлер, достары оның жатып емделгені, қымыз ішкені жөн болар деп тапты. Осы ретпен Сұлтанмахмұт Шыңғыстаудағы біздің ағайдың үйіне барып, қысырақ байлатып қымыз ішіп, бір айдан артық уақыт жатты. Сонда жатқанда мен бір жолы оған көңілін сұрай бардым.

Сұлтанмахмұт өте саналы болушы еді. Ол ауруым жұртқа жұқпасын деп, қатты сақтанады екен.

Аурумын, емделіп жатырмын демей, кітапты көп оқиды екен. Төсегінің екі жағында көптеген классик ақын-жазушылардың, ақыл-ой кемеңгерлерінің кітаптары үйіліп жатыр еді. Солардың арасынан Л. Толстойдың, С. Надсонның, Бакуниннің, Плехановтың шығармаларын көзім шалды.

Мұхтар ӘУЕЗОВ

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар