Төтенше жағдай министрлігінің мәліметі бойынша Құлсары қаласында үш мыңға жуық үй суға кеткен. Отыз үш мың адам эвакуацияланып, басқа өңірлерге уақытша қоныс аударған. Үйі түгелдей суға кеткен Құлсары тұрғындарынан Alash.kz порталы пікір алды.
«Атырау» ықшам ауданының тұрғыны Айгерім:
Бір күннің ішінде баспанаңнан айырылу өте қиын. Тамағымыздан ас өтпей, ойымызды қорқыныш билеп отыр. Құлсары қаласының ер-азаматтары күн-түн демей су келіп қалады-ау деген жерлердің барлығына бөгет жасап жатқан. Ақтөбенің суға кетіп халық үйсіз қалып отырғанын біле тұра,аудан басшылары әкімдер алдын-ала қорғанбады. «Атырау» ықшам ауданының тұрғындары ескертіп видео үндеу жолдаған болатын. «суға кетеміз мына ағыс мүмкін емес» деп сондағы әкім сымақтардың жауаптары: «ешқандай қауесетке сенбеңдер,ресми ақпаратқа сеніңдер су бір қалыпты деңгейде тұр» деп ұялмай айтты.
Су ағысына қарап тұрып әй бір жандарың ашымады ма аяушылдық жанашарлық сезімдерің болмады ма,неткен қатыгез едіңдер.Бұл апат қолдан жасалынған дүние. Жерім, елім деп жандарың ашымаса креслода шалқайып неге отырсыңдар?
Құлсарыны 70% су басты соны көре тұра қалай ұйқтап, қалай тамақтарыңнан ас өтіп отыр? Сендердің салғырт жұмыстарыңнан неге қара халық зардап шегіп, тентіреп қаңғып кетуіміз керек,айтыңдаршы…?!
Үйлеріміз қаншама еңбекпен қаншама термен, кредитпен салынды, соны біле тұра алдын-ала қорғап ала алмадыңдар. Бүкіл Қазақстанда ең көп салық төлейтін Құлсары қаласын ешкім де қорғап қала алмады... Асты еліміздің ең ірі байлығы – мұнайға толып тұрса да, қазір оның үсті лай сумен толық... Алла жазаларын берсін»,-деді көз жасына ерік берген «Атырау» ықшам ауданының тұрғыны.
Жемқорлықпен күреспей мына Құлсары қаласы ешқашан көркеймейді.
Құлсары қаласының «4 ауыл» тұрғыны Гауһар ханым:
«Шыны керек, қазіргі болып жатқан жағдайдың барлығы түсім секілді. Тамағымнан ас батпай, көңілім құлазып тұр. Жеті балам бар, қазір барлығы әркімнің үйін жағалап бытырап жүр. Солардың болашағының қамын жасап, үстіме бір киім, аузыма бір тіс салмай жүгіріп жүрген жерден мынадай сойқан апаттың баспанамызды алып кетуі үлкен соққы болды. Шағын тігін бизнесім бар еді, қазір есептеп қарасам, үш миллионнан астам шығын бар. Үйдің бағасын айтпаса да белгілі. Тырнақтап жиған-тергеніміздің барлығы зая кетті. Негізі, жолдасым бірнеше күн бұрын су келеді деп айтып жүрді. Белсенділер әкімдікке де ескерткен. Алайда еш алдын-ала амал жасалмады. Түгел қаланың 70 пайызы суға кеткені масқара емес пе? Қазір үйдің бағасы қымбат. Үкімет барлығын төлей ме? Бұрындары жаңбыр суынан зардап шегіп, әкімдікке барғанымызда ешқандай көмек көрсетпей, өз қалтамыздан ақша шығарып үйімізді реттеп алған болатынбыз. Ал қазір үй тіпті реттелуге келмейді. Босқындар секілді қашанғы жүреміз? Жағдай қашан реттеледі? Табиғи апат деп бар кінәні табиғат анадан көру қателік. Отыз жыл бұрын болған тасқыннан еш сабақ алмадық...»,- деді ол.