Жамбыл облысы перинаталдық орталығында жаңа босанған әйелдің нәрестесі бірнеше сағаттан кейін шетінеп кеткен. Келіншектің туыстары бұл жағдайға ақ халаттыларды айыптап отыр, деп хабарлайды Alash.KZ порталы Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Тұрар Рысқұлов ауданының тұрғыны Гүлім Оразбаева жүктілігінің 41 аптасында аудандық перзентханаға жағдайы тұрақты халде түскен. Алайда ондағылар құрсақтағы баласы ірі болғандықтан “кесарь тілігімен босандыру қажет” деп облысқа жолдаған. Дегенмен күйеуінің айтуынша, облыстағы мамандар апта бойы еш әрекет етпеген және кесарь үшін медбикелер 20 мың теңге сұраған.
“Сенбіде 20 мың теңге бергенде, келіншегім сол күні босанатын еді. Ол кезекші дәрігерге тастап кетті”, – деді Г.Оразбаеваның күйеуі Ермұхан Әмреев.
“Кесарь тілігін жасаңдар деп өтіндім. “Өзі туады” деп соңына дейін сіңілімнің өмірін қатерге тікті”, – деді Г. Оразбаеваның әпкесі Әйгерім Марат.
35 жастағы әйел бүлдіршінді ауыр жағдайда босанған. Туған бала бір жарым сағаттан соң шетінеп кетіпті. Қазір шақалақтың өлімі мен ақша аударуға қатысты тергеу жұмыстары басталған. Істің жай-жапсарын анықтау үшін Денсаулық сақтау басқармасы да қызметтік тексеру бастапты.
“Зерделеу үшін жұмыс тобы құрылады. Сол арқылы тәуелсіз сараптама тағайындалып, медициналық бақылау комитетіне жүгінеміз. Заң бойынша қол ақы берудің қажеті жоқ. Ол заңсыз. Қазақстан заңына сәйкес босандыру тегін”, – деді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев.