Жамбыл облысының Жуалы ауданында келін сәлем салудан бас тартып, іс сотқа жеткен, деп хабарлайды Alash.KZ Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, мейрамханадағы той кезінде Т. жұбайынан ежелгі қазақ дәстүрі бойынша үлкен әпкесіне сәлем салуды өтінген, ал әйелі өтінішті орындаудан бас тартқан. Әрі қарай олар үйге келген соң Т. әйеліне былапыт сөздер айтқан.
Сотта Т. кінәсін толық мойындап, әйелінен шын жүректен кешірім сұрап және тараптар медиация тәртібімен татуласқанына байланысты соттан істі тоқтатуды сұрады.
Ал жәбірленуші күйеуі қайын енесіне қоңырау шалып, қызы мен немерелерін алып кетуді дөрекі түрде талап еткенін айтты. Сондай-ақ, ол да татуласуына байланысты істі тоқтатуды сұрады.
Сот қаулысымен іс тоқтатылды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.