Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Су тасқынына кінәлілерді отставкаға жіберіп қана қоймай, жауапкершілікке тарту керек - Ринат ЗАИТОВ

17:26, 21 сәуір 2024 3026

«Қанша жерден табиғи құбылыс десек те, дәл бұл жағдай табиғи апат деуге келмейді. Осындай ауыр жағдайға кінәлі барлық шенеуніктерге жай ғана шара емес, қатаң шара қабылдануы қажет». Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Ринат Заитов ALASH.KZ ұлттық порталына берген сұхбатында айтты.

- Су басқан аймақтарда қазіргі ахуал қандай? Бір топ Мәжіліс депутаттарымен бірге Атырау, БҚО өңірлеріне барып қайттыңыздар. Халықтың талап-тілегі қандай?

ТАБИҒИ АПАТ ДЕУГЕ КЕЛМЕЙДІ

«Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы халық өте алаңдаулы. Қанша жерден табиғи құбылыс десек те, дәл бұл жағдай табиғи апат деуге келмейді. Елдегі алапат су тасқынына адами факторлар тікелей әсер етті. Біз депутат әріптестерімізбен қараша айынан бастап осындай жағдайлар орын алуы мүмкін деп талай дабыл қақтық. Жауапты сала басшыларына талай депутаттық сауал жолданды. Бірақ әдеттегідей Скляр мырза бастаған билік өкілдерінің «Мәселе Үкіметтің бақылауында болады» деген бірыңғай сырғытпа жауап беріп, «отпискамен» айналысуының нәтижесі осыған әкелді. Сондықтан осындай ауыр жағдайға кінәлі барлық шенеуніктерге жай ғана шара емес, қатаң шара қабылдануы қажет. Онсыз болмайды»,- деді Ринат Заитов.

- Бұл апатты жағдайдан қандай сабақ алуымыз керек? Өзіңіз қандай ой түйдіңіз?

БІЗ САБАҚ АЛМАУЫМЫЗ КЕРЕК, БІЗ ШАРА ҚОЛДАНУЫМЫЗ КЕРЕК

«Біз бұл апаттан сабақ алуымыз қажет дейміз. Сабақ алу деген не сөз?! Сабақ алу деген бір жерде есік жабылып қалып, соны біреу аша алмай қалса, міне содан сабақ алу керек шығар. Ал дәл мынандай мал, дүние-мүлік  шығындарын есептемегенде, кісі өлімі болған жағдайда біз сабақ алмауымыз керек, біз шара қолдануымыз керек. Келесі жылы осындай жағдайлардың болмауының алдын-алуымыз керек. Ал оның бірден-бір жолы не? Жауапты адамдарды жазаға тарту. Бізде заңда барлығы да жазулы тұр. Тек соны дәләлмен көрсетіп, біздегі қолданыстағы заңды жұмыс істете алсақ, барлығы дұрыс болады. Қызметтік міндеттерін орындауда салғырттық танытып, өз қызметін асыра пайдаланып, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеуге әбден дағдыланып алған шенділер жауап беруі керек. Заң жұмыс істеуі керек. Халық алдындағы жауапкершілік өте үлкен», - деп пікір білдірді Мәжіліс депутаты.

- Шенеуніктерді отставкаға жіберіп, орындарын ауыстырғанмен не өзгереді? Дәл мұндай жағдай қайталанбасына кім кепіл?

КІНӘЛІ ШЕНДІЛЕРДІ ОТСТАВКАҒА ЕМЕС, ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУ КЕРЕК

«Біздегі 30 жылдық жүйеде жаман бір әдет қалыптасқан. Біз әдетте жазалы, кінәлі, айыпты адамдарды тек отставкаға жіберумен не болмаса басқа қызметке ауыстырумен шектелеміз. Қазақстанды жайлаған жемқорлық, жауапқа тартылмаушылық, сытылып қашу, кешіре салу деген пасық тірліктердің кесірінен осындай кесапатқа душар болып отырмыз. Ендігәрі олай болмайды. Біз су тасқынына кінәлілерді отставкаға жіберіп қана қоймай, толық жауапкершілікке тарту керекпіз. Әрине, оларға қатысты дәл мұндай қатаң шара қабылдана ма? Жоқ па? Халықта да, бізде де сенімсіздік бар. Десе де, Үкімет кез-келген қатаң шараны қабылдай алады. Ал егер қабылдамаса, онда оның арты жақсылыққа апармайды. Себебі, қазір халық қатты ашулы, қатты алаңдаулы»,- деді Ринат Заитов.

- Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің салғырттығы, су тасқынына қарсы іс-шараларды дер кезінде үйлестіре алмауы да осындай ауыр зардапқа әкелді дейсіз ғой...

ӘКІМДЕР «ӨЗІМ БІЛЕМДІККЕ» САЛЫНБАЙ, АҚСАҚАЛДАРДЫҢ АҚЫЛЫНА ҚҰЛАҚ АССА, МҰНДАЙ АПАТ БОЛМАС ЕДІ...

«Егер жергілікті биліктің тізгінін ұстап отырған қазіргі жас әкімдер бұрынғы 30 жылдық жүйеге әбден сіңіп кеткен «Мен бастықпын» дегенге салынбай, дер кезінде ауыл ақсақалының ақылын тыңдай білсе, бір ауыз сөзбен айтсақ, халықтың үніне құлақ асса, мұндай апат болмайтын еді. Бұл – тек «өзім білемдікке» салынғандықтан болған мәселе. Атам қазақ: «Бір ханда қырық уәзірдің ақылы болады», «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деп айтып кеткен. Дінмұхамед Қонаевтың «Өтті дәурен осылай» деген кітабында 1949 жылы Қызылорда облысындағы Бөрібай арнасы тасыған кезде данагөй ақсақалдың «қарабуралау» әдісімен жырынды суды қалай тоқтатқаны туралы баяндалады ғой. «Көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра» дейді дана халқымыз. Көпті көрген қаншама ақсақалдарымыз бар. Дипломы жоқ демесең дайын маман. Міне, біз осындай ел ақсақалдарының ақылдарына құлақ асқымыз келмейді. Біздің жіберген басты қателігіміз осы», - дейді Ринат Заитов.

- Қаншама шығынға ұшырап, мал-мүлкінен, үй-жайынан бір-ақ сәтте айырылған халқымыздың ендігі жағдайы қалай болмақ? 80 шаршы метрлік бір жаңа үйдің құны 22 миллион теңге көлемінде болады дейді. Аз емес пе? Халықтың несиелері кешіріліп, қандай да бір жеңілдіктер қарастырылады ма?

ХАЛЫҚТА «ШЫҒЫНЫМЫЗДЫ ТОЛЫҚ ӨТЕП БЕРЕ МЕ?» ДЕГЕН ҮЛКЕН АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БАР

«Апат болуын болды, енді оған кінәлі адамдар жауап бере ме? Өтемақы қалай болады? Шығынымызды толық өтеп бере ме?» деген сұрақтар баспанасы мен мал-мүлкінен айырылып, тілсіз жаумен тайсалмай күресіп жатқан елді толғандырып, мазалап отыр. Күні кеше Премьер-министрге бағытталған депутаттық сауалымда осы өзекті мәселелерді көтердім. Келтірілген шығындарды толық өтеу, барлығын қалыпқа келтіру ұзаққа созылатын сияқты. Себебі, бұл жерде басты екі фактор жұмыс істейді. Біріншіден, жергілікті билік шығындарды өтеу бойынша дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінен бейхабар. Өйткені, шаралардың нақты алгоритмі дұрыс жасалмаған. Сол жағынан халықта үлкен алаңдаушылық бар»,- деді Мәжіліс депутаты.

УАҚЫТША НЕСИЕЛІК КАНИКУЛДАРДЫ ҚАРАСТЫРЫП, БАСПАНА МӘСЕЛЕСІН ЖЕДЕЛ ШЕШУ КЕРЕК

«Екіншіден, біздің қанымызға сіңіп бара жатқан үлкен қасірет бар. «Алып қалсам, жеп қалсам, тартып алсам» деген... Сол себептен дабыра салып, дау көтеретін адамдар да табылады. Үйлері суға кетпесе де, гуманитарлық көмек алғысы келетін адамдарды қазірдің өзінде көріп отырмыз. Бұл жерде үлкен сақтықпен қарауымыз керек. Елімізде бюджет тапшылығы бар екенін ескерсек, бізге аса жауапкершілік қажет. Сондықтан жергілікті жерде ел сеніміне ие болған белсенді азаматтарды комиссия құрамына қосып, су тасқыны салдарынан келтірілген шығынды өтеу алгоритмін елмен бірлесе әзірлеген жөн. Апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастырып, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдету қажет»,- дейді Ринат Заитов. 

- Мемлекет келтірілген шығынды толық өтеп бере алады ма? Өз сөзіңізде, бізде бюджет тапшылығы бар дедіңіз. Бұл тығырықтан шығар жол қандай?

ШЫҒЫНДЫ ҚҰЛЫБАЕВ БАСТАҒАН ОЛИГАРХТАР ӨТЕП БЕРСІН

«Жаңадан салынатын үйге бөлінетін қаржы - 22 млн теңгені үлестірген күннің өзінде бюджеттен үлкен шығын болайын деп тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қажет емес конференция, форумдарға кететін шығындарды тоқтатыңдар деп дұрыс қадам жасап отыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қазірдің өзінде бізде бюджет жетіспеушілігі бар, шығын нақты қалай өтелетінін біз білмейміз. Үкімет әзірге ұсыныс берген жоқ. Біз көріп отырған жалғыз жол - зардап шеккен аймақтарға байлар көмектессін. Президент айтқандай, бүкіл Қазақстанның байлығын иемденіп отырған 162 олигарх бар. Бір Тимур Құлыбаевтың өзі бұл шығындардың барлығын түгелдей жауып бере алады. Шығынды сол бастаған олигархтар толық көлемде өтеуі керек. Бүкіл активтерін тоқтатып, халықтың шығынын содан өтесін. Ары кетсе 1 млрд долларға жетпейтін шығын болады. Бұл шығынды өтеп беру оларға еш қиындық тудырмайды»,- дейді депутат.

 - Болашақта мұндай жағдай қайталанбас үшін алдын алу мақсатында қандай шаралар қабылданады?

ХАЛЫҚПЕН ЕТЕНЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН БІЛІКТІ КАДРЛАРДЫ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК

«Алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын-алу үшін бізге ең бастысы - мамандарды дайындау керек. Қазақстанда болып жатқан барлық келеңсіз жағдайлардың бірден-бір себебі, ол – жемқорлық. Біз білім беру ордасынан бастап жемқорлыққа көшіп алғаннан кейін, бізде сәйкесінше қажетті мамандар жоқ. Білікті кадрлар тапшы. Сондықтан бұндай жағдайдың алдын-алу үшін әуелі барлық мемлекеттік органдардағы жемқорлықты барынша жүгендеуіміз керек. Екіншіден, біз халық арасынан шыққан ғалымдар, қадірлі ақсақалдар мен ел ағаларының сөзіне құлақ асуымыз керек. Ақсақалдардың ақылын тыңдап, халықпен етене жұмыс істейтін кадрлар керек. Әр ауылда данагөй ақсақалдар бар. Ол үшін міндетті түрде кеңес құрып не болмаса үкіметтік емес ұйым құрып қажет емес», - дейді Ринат Заитов.

БІЗГЕ РУШЫЛДЫҚТАН АДА, ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН ӘКІМДЕР КЕРЕК

«Үшіншіден, облыс, қала, аудандарда жұмыс істеп отырған жергілікті атқарушы биліктің жұмысын ретке келтіру керек. Оның бірден-бір жолы – Президент ұсынған сайлау жүйесі. Біз қазір аудан әкімдерін сайлау деген жақсы тәжірибе енгіздік. Көп елдімекенді аралап жүрмін. Шынайы қолдауға ие болып, әділ сайланған әкімдерге көбіне халық риза. Демек, біз мұның ауқымын кеңейтуіміз керек. Қала-облыс көлеміндегі әкімдерді халық өзі сайлайтындай сайлау жүйесіне көшуіміз керек. Кей өңірлерде қайта сайланған бұрынғы әкімдер де бар. Бұрынғы әкімдерді сайлап жатқан жерлерде қандай фактор ойнады? Жергілікті рулық, туысқандық фактор ойнады. Бізге рушылдықтан, жершілдіктен ада, халыққа жақын әкімдер керек. Елге қызмет еткісі келетін әр азамат саналы түрде Қазақстан деген мемлекет - туысқанымыздың үйі емес, халықтың үйі екенін ескеруі қажет», - дейді Ринат Заитов.

- Елдегі су тасқынының орын алуына жылдар бойы гидротехникалық құрылғылардың әбден тозып, ескіріп, қажетті инфрақұрылымның болмауы да бірден-бір себеп болды. Бұл мәселе қалай шешіледі?

ЖЕКЕ МЕНШІККЕ ӨТІП, ЗАҢСЫЗ САЛЫНҒАН БӨГЕТТЕРДІ ЖОЮ КЕРЕК

«30 жылда гидротехникалық құрылғылар әбден тозып, ауыстырылмағаны былай тұрсын, жеке меншік компаниялар өздеріне ыңғайлы жағдай жасап, әр жерден дамбы салып тастаған. Сол компаниялардың ар жағында кілең олигархтар тұр. Солар неге жауапқа тартылмайды? Неге олар дамбыны бұзғызбады? Жеке меншікке өтіп, заңсыз салынған бөгеттерді жою қажет. Бұрынғы биліктің жер беруімен әбден есірген бүкіл олигархтардың еншісіндегі байлықтың барлығын мемлекетке қайтару керек. Елде орын алған осы ауыр жағдайдың аясында халық қазынасы қайтарылатын шығар деп ойлаймын. Барлығының да көзі жетті. Осыған дейін талай дабыл қақтық. Ешкім құлақ аспады. Енді міне өздері нәтижесін көрді ғой»,- дейді Мәжіліс депутаты.

- Су тасқыны кезеңіне алдын-ала дайындықтың уақытылы болмауын мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі қиындықтың салдарынан қызмет көрсетуші ұйымдардың қар күреу жұмыстарын белгіленген мерзімде орындамауы да әсер етті дейді. Бұл жайында не дейсіз?  

«Мемлекеттік сатып алу туралы Заңдағы кемшіліктер жайында да талай айттым. Кезінде ауыл әкімдеріне бір көзден сатып алу тәсілін қолдануға рұқсат етілетін. Жаңа заңға осыны қайта енгізіп отырмыз. Мүмкіндік беру керек. Қалай ол? Бір ауылдың қарын күреу үшін ол 30 күн конкурс күтіп отырады ма? Оған дейін қар еріп кетеді ғой. Бізге елорда іргесіндегі Қоянды ауылының халқы да осы мәселе жайлы қараша айынан бері жазды. Қар күреуге тендер ойнатылған екен. Оны ұтып алған компания бар екен. Бірақ дер кезінде қар күрелмей жатыр деп. Айналып келгенде біз не істедік? Қоянды халқын кінәлі қылып тастадық. Осы әділдік пе?»,- дейді Ринат Заитов.

- «Депутаттар айтады да, қояды. Бәрібір мәселе түпкі шешімін таппайды» дегендерге не айтасыз? Халық талап-тілегін орындатуға бар күш-жігерлеріңізді арнап, нәтиже шығаруға дайынсыздар ма?

«Депутаттар айтады, айтады, сонымен қояды» дегенге келіспеймін. Біз халықтың сөзін, ашынған ащы даусын жеткізушілерміз. Ел игілігі үшін барлық қолайлы жағдайды жасап беруге дайынбыз. Қандай да бір заң шығарушы орган тарапынан қолданыстағы заңда кедергілер бар болса, Парламент оны түзеуге дайын. Егер біздің жеткізгенімізден тиісті деңгейде әрекет жасалынбай, нәтиже болмаса, онда бұл - Үкіметтің кінәсі. Онда халық тікелей өзі Үкіметке шығады. Сол кезде жағдай қиын болады», - дейді Мәжіліс депутаты. 

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

ALASH.KZ ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар