Әлеуметтік желілерде соңғы қоңырау салтанаты кезінде болған төтенше жағдайдың жұртты шулатты, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Алдын ала болжам бойынша, метан газымен толтырылған әуе шарлары кенеттен жарылып, салдарынан бір мектеп оқушысының шашы өртеніп кеткен.
Бейнежазбадағы кадрларға қарағанда, шашты тез арада сөндіріп үлгерген.
Алайда оқиғаның нақты қай жерде және қашан болғаны әзірге анықталған жоқ.
Айта кету керек, мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Метанмен толтырылған әуе шарлары – өте қауіпті.
Тіпті шағын ғана ұшқын (статикалық электр, үйкеліс, ашық от немесе ыстықтан) жарылысқа немесе отқа орануға әкелуі мүмкін.
Метаннан айырмашылығы, әуе шарларын толтыруға қауіпсіз газ – гелий.
Гелий – инертті газ, ол жанбайды, жарылмайды.
Сол себепті гелий түрлі шарларды толтыруда кеңінен қолданылады. Ал метан немесе сутегі (екеуі де жарылысқа бейім) көптеген елдерде әуе шарларын толтыру үшін қолдануға қатаң тыйым салынған, себебі бұл – жоғары қауіптілік көзі.