Танымал журналист Руслан Өтепбай қоғамда қызу талқыланған Зүлфия Төленова ісі бойынша жаңа мәліметтерді жария етті, деп жазады Alash.kz.
"Осыдан тура 7 жыл бұрын "Астарлы ақиқат" бағдарламасында Қапиза Шумаева өз тағдырын бүкіл елге жайып салған еді. Сол кезде ол үш бірдей баласын Зүлфия Төленованың қамқорлығына беруге мәжбүр болған. Алайда уақыт өте шындықтың екінші беті ашылды…
Таяуда Төленова сол балалардың біріне қол көтеріп, арты қылмыстық іске ұласты. Қазір Қапизаның екі қызы Тараз қаласындағы бейімдеу орталығында. Ал тұңғыш ұлы Борис кәмелетке толғандықтан, анасының жанында. Қапиза өткен қателігін түсініп, өмірін жаңадан бастауға бел буған. Оның жалғыз арманы – екі қызын өз бауырына қайтару. "Балалар жетімдер үйінде емес, туған анасымен өсуі керек", – дейді ол.
Енді басты сұрақ: Сот анаға екінші мүмкіндік бере ме? Біз бұл іске бей-жай қарамаймыз. Өз тарапымыздан адвокат жалдап, Қапизаның қыздарын қайтарып алуына барынша қолдау көрсетеміз", – деп жазды Руслан Өтепбай.