Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Орны толмас ауыр қайғы”. Қаралы хабар: Елге танымал ақын, қоғам қайраткері өмірден өтті

10:47, 05 сәуір 2026

Белгілі ақын, қоғам қайраткері, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зуқай Шәрбақынұлы дүниеден озды, деп жазады Alash.kz. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағы жеткізді.

1940 жылы Монғолияда туған Зұқай Шәрбақынұлы Монғол Педагогикалық институты мен Партия жоғары мектебін тәмамдаған.

Монғолияның батыс бөлігіндегі қазақ диаспорасы қоныстанған Баян-Өлгий аймағының спорт және әкімшілік саласында жауапты қызметтер атқарған. 1960 жылдардан әдебиетпен айналысып, өлең, дастан, толғау, поэма, тарихи хикаялар мен ғұмырнамалық шығармаларға қалам тербеп келеді. 1970-1990 жылдар аралығында Монғолия жерінде «Көкпар», «Ақ жаңбыр», «Сыр маржандары», «Көңілдің көкжиегі», «Жайлау сазы» т.б. өлең жинақтары жарық көрген.

1975 жылдан Монғолия Жазушылар одағының, 1993 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1992 жылы ұрпағын ата-баба жеріне жеткізу мақсатымен Атамекенге оралған соң да еңбек жолынан аумай, совхоз директорының орынбасары, Ақмола облыстық көші-қон басқармасында аға маман болып қызмет атқарды.

Қазақстан жерінде «Киелі қанның тамшысы», «Нар тұлға», «Бедерлі ғұмыр», «Қияда түлеген қыран», «Қойтасты қойнауы жасырған сыр» сияқты прозалық кітаптары мен «Айбыным - Атамекенім», «Аспан асты – кең мекен», «Тылсым тірлік тағылымы», «Өмірдің өң бедері», «Қарт жүректің алауы» және т.б. кітаптары жарыққа шығып, оқырман қолына жетті. Оқырман қауымға 20 астам кітап сыйлаған арқалы автор, ел көлемінде өткен көптеген жыр мүшайраларының жүлдегері.

“Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, қаламдас әріптестеріне қайғыра көңіл айтамыз. Қазақ әдебиеті мен руханияты үшін орны бөлек, сөз өнеріне адал қызмет еткен қаламгердің қазасы – барша ел үшін орны толмас ауыр қайғы. Артында өшпес із, тағылымды мұра қалдырған ардақты тұлғаның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады”- делінген хабарламада. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар