Оқу-ағарту министрлігі енгізуі мүмкін мұғалімдерді аттестациялаудың жаңа ережелері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы белсенді педагог Айман Сағидулла өз пікірін білдіріп, бірқатар мәселелерді көтерді, деп жазды Alash.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей сұрақ қойып, жұмыс тобының қызметіне қатысты наразылығын жеткізді. Педагогтың айтуынша, бірнеше ай бойы жұмыс тобы құрамында болған мұғалімдер жаңа өзгерістерден хабарсыз қалған.
Айман Сағидулла аттестация жүйесінде ашық сабақтардың көптеп талап етілуін сынға алып, бұл үдерістің формалдылыққа айналғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай “шоу-сабақтар” мұғалімнің уақытын алып қана қоймай, оқушылардың білім алуына кері әсер етеді.
Шоу сабақты көрсетіп, өзімізге абырой жинап, аттестациядан өтіп жүргенімізде балалардың бар уақыты біз үшін жұмсалатынын білесіздер ме? Өтіріктің майын ішкенше, шындықтың қанын жалағанымыэ дұрыс еді.Бір өтіріктен құтыла алмай жүргенде екінші өтірік. Жұмыс тобынан шығып кеткенім жақсы болды. Әйтпесе оқушылардың көз жасына қалар едім.
Сондай-ақ педагог қазіргі бағалау жүйесіне де күмән келтіріп, БЖБ мен ТЖБ нәтижелерінің шынайылығына қатысты сұрақтар бар екенін айтты. Ол портфолио мен қосымша құжаттарды алып тастап, оның орнына пәндік тесті сақтап қалуды ұсынды.
“Мектеп бағдарламасына негізделген тесті білімі бар мұғалімдердің бәрі тапсыра алады. Ал 50 сұрақтан қашатын мұғалімге 140 сұрақтық тестке оқушы дайындауды тапсыру – орынсыз”, – деп жазды ол.
Педагог министрлікті аттестация талаптарын қайта қарап, мұғалімдерге артық жүктеме түсірмейтін тиімді жүйе қалыптастыруға шақырды.