Ресейдің Санкт-Петербург қаласында маймыл шешегі вирусын жұқтыру деректері тіркелуіне байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елдегі эпидемиологиялық ахуалдың бақылауда екенін хабарлады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ведомство өкілдері қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, қазіргі уақытта аурудың халық арасында кең таралу қаупі төмен деп бағаланатынын атап өтті. Қазіргі таңда барлық көлік түрлеріндегі бақылау пункттері арқылы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Сонымен қатар, қоздырғыштың берілу ерекшеліктерін ескере отырып, ел тұрғындары арасында маймыл шешегінің кең таралу қаупі төмен деп бағаланады. Барлық көлік түрлерінде жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша ауырғандар мен аса қауіпті инфекцияларға күдікті тұлғалар анықталған жоқ», – деді министрлік өкілдері.
Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі қауіпті вирустың алдын алу мақсатында тұрғындарға мынадай маңызды ұсыныстар береді:
-
түсініксіз тері бөртпелері және жұқпалы аурудың басқа да белгілері бар адамдармен тығыз физикалық байланыстан аулақ болу;
-
жеке гигиена ережелерін сақтау;
-
инфекция жұқтырды деген күдік бар адамдардың жеке заттарын, киімдері мен төсек-орындарын бірге пайдаланбау;
-
сипатталған белгілер пайда болған жағдайда, әсіресе ауру жағдайлары тіркелген елдерге барып келгеннен кейін, уақтылы медициналық көмекке жүгіну және медицина қызметкеріне сапарлары мен ықтимал байланыстары туралы хабарлау.
Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін министрлік шекара арқылы өту пункттеріндегі бақылауды күшейтіп, ауруханалар мен зертханаларды инфекцияларды анықтау және диагностикалау үшін дайындап жатқанын мәлімдеді.