Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Той болады»: Бибісара Асаубаева жайында қуанышты хабар тарады

09:32, 19 қазан 2026

Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың атасы, Өзбекстан шахмат федерациясы төрағасының орынбасары Комил Синдаров немересі мен қазақстандық әйгілі шахматшы Бибісара Асаубаеваның ықтимал үйлену тойы туралы ашық пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.

«Қароргоҳ» подкастында сөз алған ол жас шахматшылардың бала кезден бері таныс екенін, бірге көптеген жарыстарға қатысқанын және олардың достық қарым-қатынасы уақыт өте келе сезімге ұласқанын айтты. Отбасы алғашында мұны жасөспірімдік әуестік деп қабылдағанымен, кейін көзқарастарын өзгерткен. Комил Синдаров жастарға батасын беруге әзір екенін жеткізді.

Оның пайымынша, екі кәсіби шахматшының одағы спорттық мансап тұрғысынан да аса қолайлы. Себебі Жавохир жылдың үлкен бөлігін халықаралық турнирлерде өткізетіндіктен, өмір салтының бұл ерекшелігін түсінетін жардың болуы маңызды. Ал Бибісара кәсіби шахматшы ретінде үнемі сапарда жүру мен жарыстардың ауыртпалығына әбден қанық.

Сонымен қатар, атасы бұл некеден үлкен үміт күтетінін жасырмады. Ол екі мықты гроссмейстердің отбасында болашақта талантты шахматшылардың жаңа буыны дүниеге келеді деп армандайды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан спортшыларының бұл одағы екі ел мен олардың шахмат қауымдастықтарын тағы да жақындастыра түсетінін атап өтті.

Дегенмен, тойдың нақты күні әзірге белгісіз. Комил Синдаров қазіргі уақытта немересі үшін басты міндет – әлем шахмат тәжі үшін күрес екенін айтты:

«Той болады, біз бұдан өте көп нәрсе күтеміз», – деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар