Ирак Республикасының астанасында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ИЫҰ СІМК) 52-ші сессиясы барысында Қазақстан Республикасының өкілі, Елші Бағдат Әміреев ИЫҰ Бас хатшысының әкімшілік және қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары лауазымына бірауыздан сайланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Отырыс аясында Елші Бағдат Әміреев ант қабылдап, ресми түрде қызметіне кірісті.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан өкілінің БҰҰ-дан кейін мүше мемлекеттерінің саны бойынша екінші орында тұрған үкіметаралық ұйым – ИЫҰ Бас хатшылығындағы басшылық лауазымдардың біріне сайлануы Ұйымға мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімін және еліміздің көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін мойындайтынын көрсетеді.
Бұл шешім Қазақстан мен ИЫҰ арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және Ұйымға мүше мемлекеттердің мүддесіне сай бірлескен бастамаларды ілгерілетуге ықпал ететін болады.