Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру мақсатында жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Бұл туралы Вице-Президент Ерлан Қарин желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, бастаманы одан әрі дамыту мақсатында креативті жобаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ осы бағыттағы іс-шараларды біртұтас жүйеге біріктіру көзделіп отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында «Таза Қазақстан» бастамасын жаңа мазмұнмен, жаңа идеялармен, креативті жобалармен толықтыруды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда Президент тапсырмасын іске асыру үшін жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Жалпыұлттық бастаманы сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеру мақсатында жаңа жобалар әзірленіп жатыр. Бүгін сол жобалармен кеңінен таныстық. «Таза Қазақстан» аясындағы барлық іс-шаралар мен жобалар өзара үйлестірілетін ортақ жүйеге біріктіріледі», – деді Ерлан Қарин.