Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Өзегімді өкініш өртейді»: Сәкен Майғазиев анасының қазасы туралы жантебірентерлік жазба жариялады (ВИДЕО)

11:05, 19 қазан 2026

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАРТ» тобының мүшесі Сәкен Майғазиев анасының дүниеден өтуіне байланысты әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарымен қайғысын бөлісіп, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

Өнер иесі қасиетті анасының ғибратты ғұмыры мен өнегелі жолына тоқталып, қайғыға ортақтасқан барша қазақ еліне және шет елдегі бауырлас халықтарға алғысын жеткізді. Сәкен Майғазиев әлемдегі барлық аналарға осындай әдемі жасты тілей келе, ата-ананың қадірін көзі тірісінде білу керектігін айтып, жүректен шыққан сырын ақтарды.

Әнші өз жазбасында анасы туралы естеліктерін мынадай сөздермен жеткізді:

«Бір АЛЛАға шексіз шүкірлер мен сансыз мақтаулар болсын! ПАЙҒАМБАРымыз МҰХАММЕДке сансыз салауаттар болсын. Өлім - хақ. Әрбір тіршілік иесі өлімнің дәмін татады. Алайда, анашым сияқты өнегелі өмір сүріп, ғибратты ғұмыр кешіп, АЛЛА тағаланың бұйырған бес парызын бұлжытпай орындап, ата-ана, ата-ене, адал жардың разылығын алып, он құрсақ көтеріп, Майғазы атамнан тараған төрт ұлдың ұрпақтарының барлығын бауырына басып, емізіп, сосын бейнетінің зейнетін көрген аналардың бірі біздің анамыз. Қайғымызды бөлісіп, көңіл айтып жатқан қара ормандай қалың ҚАЗАҒЫМА, алыс-жақын шет елдегі БАУЫРЛАС халықтарға АЛЛА разы болсын».

Сондай-ақ ол әйел затына, жұбайы мен қыздарына анасының ақ жолын тілеп, перзенттік парыз бен ішкі өкінішін жасырмады:

«Барша нәзік жандарға, әпке-қарындастарыма, жеңге, келіндеріме, жұбайыма, қыздарыма біздің анамыздың ақ жолын, әдемі жасын нәсіп етсін. Адам баласы о дүниеге барғанда “Неге көбірек жақсылық жасамадым, неге көбірек құлшылық қылмадым, неге көбірек садақа бермедім” - деп өкінеді екен. Бір күн уақытым болса ауылға барып анашымның көңілін табуға қанша тырысып жүрмін десем де, “Неге бұдан да көбірек қасында болмадым” - деген өкініш өзегіңді өртейді екен. Сол үшін анасы бар адамдар, қазір қоңырау шалып, хәлін біліп, денсаулығына көңіл бөліп қойыңыздар».

Өнер иесі анасының көзі тірісінде батасын алғанын айтып, жұбаныш тапқанын атап өтті:

«АЛЛАға шүкір, анамның "Балам, саған разымын", деген сөзін бірнеше рет естіген бақытты перзенттердің бірімін. Соның өзі жүрегіме жұбаныш, жаныма медеу».

Сәкен Майғазиев марқұм анасына арналған соңғы тілегін төмендегідей жеткізді:

«Күллі ҚАЗАҚтың анасына айналған ақ мамам, жаныңыз ЖӘННӘТтың төрінде шалқысын. АЛЛАның мейіріміне бөленіп, ПАЙҒАМБАРымыздың шапағатында болыңыз».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар