Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы Нұрасыл Медеу бес жыл бойы өз қаражаты мен күш-жігеріне тұрғызған толыққанды білім ордасын мемлекет меншігіне өтеусіз сыйға тартты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Бұл шешім елдегі қайырымдылық пен меценаттықтың мүлдем жаңа, жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Мұнда сөз бір реттік қаржылай көмек туралы емес, нөлден бастап әлемдік стандартқа сай жеке университетті құрып, оны ешқандай өтеусіз, туған елдің игілігіне тегін тапсыру туралы болып отыр.

Бүгін Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) оқу орнының тарихындағы осы бір айтулы әрі жаңа кезеңге арналған салтанатты жиын өтті. Онда оқу ордасының негізін қалаушы Нұрасыл Медеу білім беру кешенін мемлекетке беру туралы шешімін ресми түрде жариялап, барша ұжым мен студенттерге ағынан жарылды.

Салтанатты шараға қатысқан Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов оқу орнының қысқа мерзім ішінде жеткен жетістіктері мен оның мемлекеттік деңгейдегі маңызын жоғары бағалады.

Өз кезегінде министр Ербол Мырзабосынов аталған бастаманың саладағы орнына тоқталып, былай деді:
«Ұстаздар, студенттер, құрметті әріптестер! Нұрасыл мырза айтып өтті, 2020 жылы сәуірден бастап, 5 жылда үлкен ауқымды, ең бастысы мемлекетімізге, спорт саласына пайдалы жағдай жасалып, бүгінгі күні осы қадам әрі қарай жалғасын табуда.
5 жыл бұрын мамандарды жинап, сырт елінде болып жатқан тәжірибені тартып, мына классификаторда бұрын тек қана дене шынықтыру мамандарын даярлайтын болса, спорттық классификаторға бөліп, мамандықтар ашып, қаншама ауылдың балаларына, қаншама спорт саласына мамандар даярлауда үлкен жұмыс басталды.
Сол 150 студенттен басталған қадам бүгінгі күні 5 мың студентке жетті. Мына спортшы студенттердің арасында қаншама студенттер, яғни жеке гранттар емес, (негізі конкурспен грант алмаса да) жеке олар университеттің Нұрасыл мырзаның гранттарымен үлкен спортқа жол алды».
2021 жылы небәрі 150 студенті бар Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде құрылған бұл оқу орны бес жылдың ішінде 5 мыңға жуық студенті бар, озық ғылым мен білімді ұштастырған халықаралық деңгейдегі кешенге айналды.

Оқу орнының қалыптасу жолы мен негізгі идеясы туралы университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу былай деді:
«2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясын ашқан кезде Қазақстанда әлемдік деңгейдегі спорт университетін құруды армандадым. Жастар өз қабілеттерін шыңдап, халықаралық талаптарға сай сапалы білім алып, ғылыммен айналысып, үлкен спортта жетістіктерге жете алатын білім ордасын қалыптастырғым келді. Біз мақтанышпен айта аламыз: бес жыл ішінде бәріміз бірге өз аты, өз жетістіктері, мықты командасы мен дарынды студенттері бар университетті құрдық! Бүгінде мұнда бес мыңға жуық студент білім алуда. Сіздердің әрқайсысыңыз мемлекетіміздің тарихында өз парақтарыңызды жазып жатырсыздар.
Біз бәрін нөлден бастадық. Бұл 2021 жыл еді. Оң жағалау, бізге сеніп, алғашқы студенттеріміз атанған 150 талапкер болды. Одан кейін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде «Спорт» даярлау бағытын бастап, өзіміз құрдық. Жаңа білім беру бағдарламалары мен спорт саласындағы инновациялық, ғылыми жобаларды іске қостық».
Бес жыл ішінде KNUS ауқымды халықаралық жобаларды жүзеге асырды. Олардың қатарында Халықаралық киберспорт федерациясымен бірлескен киберспорт зертханасы, Қытайдың «Синьхуа» (Xinhua) ақпарат агенттігімен бірге құрылған Sport Media Lab, RITA халықаралық жобасы аясында Польша әріптестерімен ашылған Құтқару спорты орталығы бар. Бұған қоса, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастықта Орталық Азияның білім беру хабы, Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы бой көтерді. Қазақстан осы халықаралық академикалық желіге енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды.
Сондай-ақ Венгрияның Спорт және ғылым университетімен бірлескен Тұрақты даму орталығы ашылып, «БҰҰ-Әйелдер» (UN Women) құрылымымен Women in Sport Kazakhstan жобасы қолға алынды. Халықаралық академикалық ұтқырлық аясында Eclore Business School мектебімен қос дипломдық бағдарлама арқылы 20 магистрант диплом алса, Швеция (Site), Корея (Woosong University), Италия (Marconi University) және Польша (WSG) жоғары оқу орындарымен келісімдер жүзеге асуда.

Сонымен қатар Нұрасыл Медеу тағайындаған Life Chance Grant және Merit Grant құрылтайшылық гранттары ауылдық жерлерден шыққан дарынды жастарға қолдау болып отыр. Merit Grant оқу ақысын толық жапса, Life Chance Grant оқумен қатар мемлекеттік стипендиядан екі есе жоғары шәкіртақы, жатақхана, тәлімгерлік және шетелде білім алуды қаржыландырады. Студенттердің спорттық жетістігі де орасан: 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында ел намысын қорғаған KNUS-тің 17 студентінің 14-і жүлдегер атанды.

Университеттің негізін қалаушы Нұрасыл Медеу бұл шешімнің мән-жайын және неліктен осындай қадамға барғанын егжей-тегжейлі түсіндірді:
«Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы. Осы жылдар ішінде мен бір-бірінің жетістігіне қуанатын, білімге ұмтылысты қолдайтын және жастардың мүмкіндігіне сенетін университет құра алдым. Менің мақсатым – әлемдік деңгейдегі білім беру кластерін салу, студенттерге ең жоғары сапалы білім беріп, Қазақстанның болашағына үлес қосу болды. Бұл менің қолымнан келді деп есептеймін. Енді, міне, КНУС-ты туған еліме сыйға тартатынымды мақтанышпен хабарлайтын сәт келді.
Бұл қадамға мен университет негізі қаланған сәттен бастап келдім. Маған өзіммен пікірлес сипаттағы мықты команда жинау, білім алуға лайықты жағдай жасау және одан әрі даму үшін берік іргетас қалау маңызды болды. Біз мұны бірге жасадық! Қазақстанның болашағына осындай үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе. Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек.
Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – елім гүлденсін, әлемдік деңгейде бұрын-соңды болмаған биіктер мен мойындауларға жетсін деп туған еліме жасалған өтеусіз сый».
Сондай-ақ Нұрасыл Медеу қазіргі оқып жатқан студенттердің гранттары мен оқытушылардың жұмысы толық сақталатынын ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, студенттердің толық оқу кезеңін қаржыландыруға қажетті қаражатты ол жеке өзі университеттің есепшотына аударып қойған және бұл заң жүзінде бекітіледі.

Сөзінің соңында ол оқу орнын үлкен мұхитқа жол тартқан алып кемеге балап, ақ жол тіледі:
«Егер КНУС-ты кемемен салыстырсақ, мен оны қуатты, бұзылмас әрі сенімді етіп тұрғыздым. Жаны бір мықты, дарынды команда жинап, олармен бірге кемені үлкен жүзуге дайындадым. Осы уақыт бойы сенім білдіріп, берілмей, барлық идеялар мен жоспарларды өмірге енгізгендеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Бүгін мен осы кемені мақтанышпен үлкен сапарға шығарып саламын. Алда жаңа жаңалықтар, студенттердің жаңа буындары және халықаралық аренада Қазақстанның туын биікте желбірететін жаңа жетістіктер күтіп тұр! Мерекелеріңізбен, қымбатты достар! КНУС өміріндегі жаңа кезең құтты болсын!».
Салтанатты шара барысында оқу орнының дамуына үлес қосқан ұстаздар мен қызметкерлерге Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар, ал талапты студенттерге құрылтайшылық гранттардың сертификаттары табысталды. Жиын соңы студенттердің ұлттық нақыштағы мерекелік биімен аяқталды.
Қазақ ұлттық спорт университетінің мемлекет меншігіне өтеусіз берілуі отандық білім мен спорт ғылымын жаңа белеске көтеретін тарихи оқиға болмақ.