Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстандағы жарты миллион адам жәрдемақыдан айырылады деп хабарланды

Қазақстандағы жарты миллион адам жәрдемақыдан айырылады деп хабарланды

2026 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша, Қазақстанда материалдық әл-ауқаты жоғары отбасылардан шыққан 552 мың адам мемлекеттік әлеуметтік төлемдер алады. 2027 жылдан бастап оларға мемлекеттік жәрдемақының 36 түрінің 14-ін төлеу шектелуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді, деп жазды Alash.kz порталы Naryk.kz порталына сілтеп. 

Министрдің айтуынша, А санатына жататын 77 мың адам, ал В санатындағы 475 мың адам әлеуметтік жәрдемақы алады. Бұл көрсеткіш ай сайын өзгеріп отырады. Сондықтан жаңа тәртіп күшіне енген кезде төлемдері шектелетін азаматтардың нақты саны 2027 жылғы 1 қаңтарға қарай белгілі болады.

Қазір Қазақстанда жалпы 3,2 млн адам мемлекеттік жәрдемақының 36 түрін алады.

А санатына кімдер жатады?

А санаты материалдық әл-ауқаты жоғары отбасыларды қамтиды. Отбасы осы санатқа жатуы үшін төмендегі белгілердің кемінде екеуіне сәйкес келуі керек:

  • Отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 356 мың теңгеден жоғары болуы;

  • Әр адамға шаққанда жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы;

  • Ірі бизнесі, екі немесе одан да көп орта кәсіпорны не үш және одан да көп шағын кәсіпорны болуы;

  • Люкс санатындағы автокөлігінің болуы;

  • Ауыл шаруашылығымен айналысатындарға 300 гектардан астам жер тиесілі болуы;

  • Мал шаруашылығымен айналысатындарға 500 бастан астам малы болуы.

Министрдің мәліметінше, Қазақстанда А санатына жататын 329 мың үй шаруашылығы бар. Бұл елдегі отбасылардың жалпы санының шамамен 5%-ын құрайды.

В санатына кімдер кіреді?

В санатына жоғары білікті мамандар, топ-менеджерлер мен орта буын басшыларының отбасылары жатқызылуы мүмкін.

Негізгі белгілері:

  • Отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 305–356 мың теңге аралығында болуы;

  • Әр адамға шаққанда ауданы 60–120 шаршы метр аралығындағы бірнеше жылжымайтын мүлік нысанының болуы;

  • Премиум санатындағы автокөліктердің болуы;

  • Бір орта кәсіпорны немесе екі шағын кәсіпорнының болуы;

  • Жүк көлігі, ауыл шаруашылығы техникасы немесе жалпы ауданы 50–300 гектар жерінің болуы.

Қазақстанда В санатына шамамен 1 млн үй шаруашылығы немесе отбасылардың 16%-ы жатады.

Ал С, D және E санаттарындағы үй шаруашылықтарының саны шамамен 4,8 млн.

Қандай жәрдемақыларға шектеу қойылады?

2027 жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін 36 түрлі жәрдемақының 14-іне мұқтаждық критерийі енгізіледі.

Олардың қатарында:

  • балаларға арналған жекелеген төлемдер;

  • мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар;

  • күтімге байланысты төлемдер;

  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар;

  • жерлеуге арналған төлемдер;

  • арнайы мемлекеттік жәрдемақылар бар.

А және В санаттарындағы отбасылар үшін осы төлемдерді алу мүмкіндігі шектеледі. Ал С, D және E санаттарындағы отбасылар оларды бұрынғы тәртіппен ала береді.

Қалған 22 түрлі мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау тәртібі өзгермейді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар